Медеу ауданында облыстан қалаға кірген бірнеше үй иелері құжаттарын реттей алмай келеді

Медеу ауданында облыстан қалаға кірген бірнеше үй иелері құжаттарын реттей алмай келеді
Бұл туралы аталған аудан әкімінің тұрғындармен есеп беру кездесуінде белгілі болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Облыс аумағынан қалаға кірген Медеу ауданындағы бірнеше үй иелері осы күнге дейін құжаттарын реттей алмай келеді. Бұл туралы аталған аудан әкімінің тұрғындармен есеп беру кездесуінде белгілі болды. Одан өзге қоғамдық қауіпсіздік, көгалдандыру мен коммуналдық шаруашылық мәселесі төңірегіндегі проблемалар кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ жиында Медеу аудынында салықтық түсімдердің 542 млрд. теңгеге жуықтағаны айтылды. Республикалық бюджет бойынша түсім 444 млрд. теңгеден асса, негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі 183 млрд. теңгені құрапты. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 13 пайызға артық.

Аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі - 116 млрд. теңгеден асқан. Жыл қорытындысы бойынша бөлшек тауар айналымының көлемі де артып, өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 112,6% - ға өсіпті. Құрылыс жұмыстарының көлемі - 60 млрд теңгеге жуықтаған.

Алматы қаласы Медеу ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы

салықтық түсім 541,9 млрд тг

республикалық бюджет 444,8 млрд тг

жергілікті бюджет 96,5 млрд тг

инвестиция 182,9 млрд тг          +13%

өнеркәсіп өнімінің көлемі - 116,5 млрд тг

бөлшек тауар айналымының көлемі - 527,6 млрд тг

құрылыс жұмыстарының көлемі - 59,5 млрд тг

Екі сағатқа созылған жиынның шымылдығын әкім алдымен өткен жылдың қорытындысымен ашты. Атқарылған жұмыс аз емес. Соның ауыз толтырып айтарлығы, аудандағы бірнеше өзен арналарында табиғи апаттық жағдайдың алдын алуға бағытталған қалпына келтіру шаралары аяқталған. Одан өзге, жарықтандыру мен аулаларды қалпына келтіру жұмыстары да жоспарлы жүзеге асып келеді.          

«Ауданның негізгі проблемаларының бірі – жарықтандыру. 2019 жылы 19 көшеге жарық шамдарын орнаттық. Ұзындығы 32,3 шақырымға барлығы 1084 шамдар орнатылды. Биылғы жоспар бойынша тағы 279 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр», - деді Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.      

Кездесудің басым бөлігі еркін микрофон, яғни сұрақ-жауап форматында өтті. Барлығы 32 сұрақ қойылды. Оның көпшілігі аудандағы қауіпсіздік мәселесі, көгалдандыру мен зейнеткерлерге газ кіргізуде қандай да бір жеңілдік қарастырылса дейді.

«Осы жылдың қыркүйек және қараша айында екі баланы көлік қағып кетті. Көліктер сол маңда өте қатты жылдамдықпен жүреді. Сондықтан сіздерден өтініш: сол жерге жол белгілерін қойып берсеңіздер», - деді бір тұрғын.

«Каменское платоның» жоғарғы жағына полиция пункті керек», - деді келесі бір тұрғын.  

Тұрғындардың қауіпсіздігін бірінші кезекке қойған әкім тиісті органдарға тапсырма беріп, тіпті алдағы уақытта аталған жерлерге өзі шығып көретіндігін айтты.

«Жаңағы сіз айтып жатқан мәселеге, мен бір аптаның ішінде жол полициясымен бірге барып қарайын қандай мүмкіндіктер бар сосын өздеріңізге баяндаймыз», - деді Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.

Сондай-ақ, жиында биылғы жылға жоспарланған жұмыстар да пысықталды. Соның ішінде ең маңыздысы тұрғындарды ауыз сумен қамту. Биыл бірнеше ықшамауданға құбыр жүргізіліп, инженерлік желілер қайта жөндеуден өтеді. Ауданның көп бөлігі таулы аймақта орналасқандықтан кейбір ықшамаудандарда бұл жұмыстар созылуы мүмкін.

Арнат Дүйсен, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров