БЖЗҚ-да өтінімдер қабылдау басталғаннан бері жалпы сомасы 212,6 млрд теңгеге 38507 өтінім алдын ала мақұлданған
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов кейбір салымшыларға неліктен зейнетақының бір бөлігі берілмей жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«25-30 қаңтар аралығында БЖЗҚ-ға 52 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Оның ішінде жалпы жинақтық сомасы 212 млрд теңгелік 38 389 өтінім (74%) одан әрі қарау үшін қабылданды. Төленуге тиіс сома 5,5 миллион теңгені құрады. 28 қаңтардан бастап БЖЗҚ «Қазақстан халық банкінің» уәкілетті операторларынан өтініштер қабылдай бастады»,– деді Жанат Құрманов ОКҚ-да өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, БЖЗҚ-да өтінімдер қабылдау басталғаннан бері жалпы сомасы 212,6 млрд теңгеге 38507 өтінім алдын ала мақұлданған.
«Талдау жұмыстары көрсеткендей, өтінімдерді қабылдаудан бас тартудың басты себебі - салымшылар өз өтінімінде қолжетімді мөлшерден асатын соманы көрсеткен. Өтінімнің қабылданбау жағдайының 13% - сұралған сомалардың қолжетімді сома мөлшерінен асып кетуімен байланысты. Сондай-ақ қайталанған өтініштер де болды. Тіпті мүлде жинағы жоқ адамдардан өтініштер келді. Дұрыс ресімделмеген өтініштер де бар»,– деп атап өтті спикер.