Мен ана мен баланың өміріне қамқорлық танытып жүрген жандардың еңбегін жоғары бағалаймын — Алматы қаласының Құрметті азаматы Н. Каюпова

20.09.2020 19:36

Қазақстанда қыркүйектің үшінші жексенбісінде Алматыда Қала күні аталып өтеді

Қазақстанда қыркүйектің үшінші жексенбісінде Алматыда Қала күні аталып өтеді. Ағымдағы жылы мереке құрметіне орай мегаполистің дамуына үлес қосқан көрнекті қалалықтарға Алматы қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Бүгін 20 қыркүйекте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев ерекше төсбелгіні тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты рәсім барысында Алматы қаласының «Құрметті азаматы» мен «Еңбегі үшін» төсбелгісін алғандар барлығын Қала күнімен құттықтады.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР профилактикалық медицина Академиясының академигі Нина Каюпова біздің елімізде 20 қыркүйекте Ана күнінің аталып өтетінін айтты.

«Менің көп жылдық еңбегімді бағалағандарыңызға шексіз ризашылығымды, зор алғысымды білдіремін. Екі бірдей адамның, яғни ана мен баланың өміріне жауапты мамандық иесіне құрмет білдіру мәртебе. Бүгін ерекше толқитын әрі қуанышқа толы күн, ата, аналарымызды қастерлеп, еске алатын күн. Таңдаған мамандығыңа адал болу, елің мен жеріңе адал қызмет ету бақытқа бөлейді. Осыдан 67 жыл бұрын мені ару Алматыға аялап келген жеріме ризамын. Осы қалада біздің егеменді, тәуелсіз мемлекетіміздің жылнамасы басталды. Мен бәріміздің ортақ үйімізге  бейбітшілік тілеймін», — деді Н. Каюпова және жоғары атақ беріп, құрмет білдіргені үшін қалаға алғысын білдірді.

Атап өтерлігі, Нина Каюпова С. Д. Асфендияров атындағы Алматы мемлкеттік медицина институтының  акушерлік және гинекология  кафедрасында 15 жыл оқытушы болды. 23 ғылым докторын, 38 ғылым кандидатын даярлады. 19 монографияның, 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Ол «Отбасылық типтегі балалар ауылы», «Жасөспірімдердің үйі» туралы, «Жасөспірімдердің құқығы» туралы заңдардың бастамашысы, ББҰ ережесі бойынша Комиссияның жұмысына қатысып, әлемнің 35 елінің арасында Қазақстанды лайықты көрсете білді.