Бүгін әскери қоймадағы жарылыс кезінде қаза тапқандарға бас иетін азалы күн
Бүгін Ел үшін жанқиярлықпен көз жұмған әскери қызметкерлердің ерен ерлігі ел жадында ешқашан ұмытылмайды. Бүгін таңғы сағат 10.00-ден бастап еліміздің бүкіл мешітінде қызмет жолында қаза болғандарға Құран хатым бағышталып, дұға-тілек жасалды. Қазір түсірілім тобымен арнайы Тараз қаласында жүрген Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын бізбен тікелей баланысқа қосылады.
- Рақмет, Қайрат. Перзентін ата-анасынан, бауыр еті баласынан айырған айтып келмейтін апат елді қатты қынжылтты. Бүгінгі Ұлттық аза тұту күні жарылыста құрбан болғандарды еске алуға арналды. Біз тұрған - Тараз қаласындағы орталық мешіт. Ерлікпен қаза тапқандарға мешіт имамдары дұға етті.
- Иә, қанша дегенмен адам баласы пешенесіне жазғанын көреді. Ата-бабамыз қамшының сабындай ғана қысқа өмірде, бір-бірімізбен бес күндік жалған өмірде ігі істер мен жақсылықпен өткізуді өсиет еткен. Әскери қоймадағы жарылыстан опат болғандардың отбасыларына Тараз қаласының тұрғындары да көңіл айтып жатыр.
«Біз Нұр-Сұлтан қаласынан Таразға келе жатқанда осы қайғылы оқиға орын алды. Мен әлі есімді жинай алмай отырмын. Бірі баласынан, бірі жолдасынан, бірі әкесінен айырылып отыр. Аллам қазақ халқына сабыр берсін. Бейбітшілік болсын!» – деді Тараз қаласының тұрғыны Жазира Шәріпқызы.
«Өте қиын. Елімізде бұндай жағдай болмасын деп тілеймін. Арыстай азаматтарымыздан айырылып қалдық. Қайтыс болған кісілердің ағайын-туысқандарына, отбасына қайғырып, көңіл айтамын. Жатқан жерлері жайлы болсын», – деді Тараз қаласының тұрғыны Сағындық Әлшекенов.
Бүгін әскери қоймадағы жарылыс кезінде қаза тапқандарға бас иетін азалы күн. Оларды ел болып еске алып, жұрт болып жоқтау айтқан қазалы күн. Бұл тек олардың отбасыларына ғана емес, мұқым қазақ еліне ауыр тигені рас. Алыптай азаматтарымыз кетті. Артында боздап ата-анасы мен жұбайлары қалды. Айтып келмеген апат талайды егілтіп, есеңгіретіп тастады. Көз жұмған бейбіт елдің батырлары отбасыларына біз де қайғырып көңіл айтамыз.