Көкшетауда 16 жастағы студент қыз жоғалып кетті

Көкшетауда 16 жастағы студент қыз жоғалып кетті
Жанашеваның жоғалып кеткені туралы хабар 13 қарашада Көкшетау қаласының полиция басқармасына түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысының полицейлері 16 жастағы колледж студентін іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

16 жастағы Расула Жанашеваның жоғалып кеткені туралы хабар 13 қарашада Көкшетау қаласының полиция басқармасына түскен.

Анасының айтуынша, 8 қарашада қаладағы колледждердің бірінде оқитын 1-курс студенті  Зеренді ауылында тұратын әкесіне баратынын айтқан. Алайда қыз бала ол ауылға жетпеген. Осы уақытқа дейін қыз бала байланысқа шығып отырған.

"Соңғы рет әйел қызымен 12 қарашада сөйлескен, алайда 16:00-ден кейін кәмелетке толмаған қыздың телефоны сөндірілген. Құрбысының айтуынша, Расула өздігінен елордаға кетіп қалуы мүмкін. Алаңдаған ана полицияның көмегіне жүгінген.  Қазіргі уақытта полицейлер жоғалған қыздың туыстары мен таныстарынан, достарынан, көршілерін тергеп жатыр. Арнайы топтар Ақмола облысының көрші аудандары мен Нұр-Сұлтан қаласынан іздеуде", - делінген ПД хабарламасында.

Расула Жанашеваның бойы - 160-165 сантиметр, орташа денелі, шашы қара түсті. Тісінде брекет, оң алақанында татуировкасы бар. Үстіне ақ күртеше, қара жейде мен қара  шалбар киген.  

Полицейлер Расула Жанашеваны көрген-білген адамдар болса, өздеріне хабарлауын сұрайды.

Новости партнеров