Құтқару жұмыстарына 27 адам, 12 су кемесі жұмылдырылған
Қарағанды облысында 24 жастағы жігіт балық аулаймын деп бақилық болды. Балқаш көлінде суға батқан адамның денесі үш тәуліктен соң табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еске салар болсақ, 4 күн бұрын балық аулауға барған екі азаматтың бірі қайық аударылып, суға батып кеткен. Абырой болғанда, қасындағы 20 жастағы жігітті өзге балықшылар көріп, құтқарып қалған. Іздестіру тобы суға тұншығып, бақилық болған азаматтың денесін 72 сағаттан соң тауып, жағаға шығарған. Құтқару жұмыстарына 27 адам, 12 су кемесі жұмылдырылған. Өңірде жаз маусымы басталғалы көлге түсіп, көз жұмғандар саны 8 адамға жетті. Оның екеуі – бала.
– Балқаш-Ақтоғай ауданы Тасарал кенті маңында Балқаш көлінің жағадан 20-25 шақырым жерде 2000 жыл және 2004 жылғы азаматтар балық аулау кезінде қайық аударылу фактісі тіркелген. Бір азаматқа жергілікті балықшылар дер кезінде байқап, жағаға жеткізген болатын. Облыс тұрғындары мен қонақтарына балық аулау кезінде су құралдарын пайдаланғанда міндетті түрде арнайы киім киюге шақырамыз, – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ерасыл Сайпаш.
Оқи отырыңыз: Сауысқандық шатқалындағы петроглифтерге қауіп төнді