Тәртіп сақшылары видеоның шамамен бір ай бұрын түсірілгенін хабарлайды
Елордада мұздай қаруланып, «Астана біздікі» деп видеоға түскен жас жігіт ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«14 қарашада әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жас жігіттің қарудың бірнеше түрін ұстаған видеосы тараған болатын. Полиция қызметкерлері видеоны зерттеп, тиісті шараларды бірден қолға алды. Жедел іздестіру барысында бұрын сотты болған 24 жастағы жергілікті тұрғын, сонымен бірге, аталмыш видеоны түсірген және көлікті жүргізген жүргізуші анықталып, ұсталды», - деп хабарлады қалалық Полиция департаментінен.
Тәртіп сақшылары видеоның шамамен бір ай бұрын түсірілгенін хабарлайды.
Еске сала кетсек, елорда сақшылары «бақайшағына дейін қаруланған» жігіттің кім екенін бұған дейін анықтаған болатын.
«Әлеуметтік желілерде 14 қарашада тараған аталмыш видеоға қатысты Полиция департаменті жедел іздестіру шаралары барысында 24 жастағы қала тұрғынын анықтады», - деп хабарлады кеше қалалық Полиция департаментінен.
Айта кетсек, бұған дейін «Астана-сергек» Instagram парақшасында жас жігіттің қару ұстап, «Астана біздікі» деген видеосы тараған болатын. Видеода жас жігіт бірнеше қаруды ұстап, былапыт сөздер айтады.