Ақтауда саунаға барған 40-қа жуық адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
8 тамызда түнгі сағат 23.00 шамасында криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері арнайы жедел ден қою жасағының қызметкерлерімен бірлесіп, Ақтаудағы 22-шағын ауданындағы саунадан қырыққа жуық адамды ұстады.
Тексеру барысында полицейлер саунаның шектеулерге қарамастан жұмыс істегенін және 15 кабинаның бос еместігін анықтады. Карантин ережелерін бұзғандарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал Маңғыстау облысының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне жіберілді.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің басшысы полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев адамдарды карантин талаптарын бұзбауға, ережелерді қатаң сақтауға және жеке қорғаныс құралдарын қолдануға шақырады.