|
29.04.2024 | 14:39
251

Биыл отбасылық жанжалға байланысты 15 мыңнан астам қылмыс тіркелген

Мемлекет басшысы әйел мен бала құқығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойды

Биыл отбасылық жанжалға байланысты 15 мыңнан астам қылмыс тіркелген elements.envato.com

Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық дендеп, елдегі әр үшінші жанұяда азғындықтың кем дегенде бір түрі кездеседі. Жанжалдан басталған ұрыс, кейін ұрып-соғуға ұласып, ақыры арты ауыр зардапқа алып келіп жатады.  Қоғам дертімен күресіп, елдегі отбасы институтының беделін көтеру үшін Мемлекет басшысы әйел мен бала құқығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2014 жылы Қылмыстық кодекске «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы енгізілген. Ал 2017 жылы «Ұрып-соғу» әрекеті қылмыстық жауапкершіліктен әкімшілікке ауыстырылды. Араға 7 жыл салып отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болғандарды қорғайтын заң тетіктері нығайды. Енді бұл қылмыс заңмен қатаң жазаланады. Биыл 34 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілік арқаласа, оның 27 мыңнан астамына жұбымен байланысуға шектеу қойылған. Ал отбасындағы жанжалды көпке жария етпей, іштей танатындар қаншама? Сондай жанның бірі арна тілшілеріне хабарласып, басынан өткерген сұмдықты айтып берді. Жәбірленуші 10 жыл отасқан жолдасынан осы күнге дейін қорлық көріп, қашып құтылған. Бүлдіршіндерінің болашағы мен өзінің денсаулығына уайымдаған жас ана күйеуімен біржолата қарым-қатынасын үзуге бел буыпты. Өзін Малика деп таныстырған келіншек жұдырықтан көз ашпайтын көрінеді.  Жолдасы қызғаныш сезімін сылтауратып, әйелді жиі соққыға жыққан. Өкініштісі, бұл көрініске бала-шағасы куә болыпты.

– Ұрып-соғу, кінәлау, қызғану, жөнсіз, орынсыз қызғану, сыртқа шағармау. Дүкенге бару үшін алдын ала ескертемін. «Бара жатырмын, келе жатырмын» деп бейнезвонокпен айтып отырамын. Балалардың көзінше ұрып-соғатын. Оларды балабақшаға жібермейтін. Әкесі ашуланғанда балалар қорқатын болды, – деді қала тұрғыны Малика.

Ал Жансая есімді келіншек ерекше күтімге мұқтаж бүлдіршіндерін жалғыз асырайды. Бұрынғы жолдасы балаларының денсаулығындағы ақауды анасынан көріп, үнемі күш көрсетіп келген. Жалғызбасты ана «жаңа заңның шапағатын көретіндер артады» деген сенімде.

– Соңғы уақытта жолдасымның қол көтеруі жиіледі. Физикалық, психологиялық соққы көп болды. Өйткені балаларымның диагнозын естігенде маған өте қиын болды. Егер сол кезде заң болғанда, емін-еркін қорықпай кететін едім, – деді қала тұрғыны Жансая.

Енді әйелге ауыр жағдайда қол көтергендер 100-ден 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 50 тәулікке дейін темір торға тоғытылады. Ал егер жәбірленушіге аса қатыгездікпен денсаулығына залал келтірілсе, айыппұл 1000 АЕК-ге дейін ұлғайды немесе  3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар мамандар жаңа заң аясында агрессорлармен де психологиялық жұмыс жасалатынын айтты.

– Соңғы 5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс түріне жатқызу жөнінде көп жұмыс жүргізілді. Қылмыстық кодексте 2 бап ауыстырылды. Нәтижесін береді деп үміттенеміз. Қылмыстық фактіні дұрыс анықтау және барлық тарапқа әділетті болу жолында жұмыс істеуіміз керек. Сондай-ақ агрессорларға психокоррекциялық шараларды ұйымдастырамыз, – деді дағдарыс орталықтары одағының төрағасы Зүлфия Байсақова.

Ашық деректерге сүйенсек, елде жылына кем дегенде 400 әйел жұдырықтылардың құрбанына айналады. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 80 пайызы мас күйінде жасалған. Қабылданған заң аясында енді агрессорлар медициналық ұйымдарға мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіледі. Оларға жәбірленушімен байланысуға, психологиялық қысым көрсетуге және алкогольді ішімдік пен есірткі тұтынуға қатаң тыйым салынады. Яғни, отбасының ойранын шығарып, әйелі мен бала-шағасына қол көтергендер енді оңайлықпен құтыла алмайды.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерін бұрынғыдай өтініш арқылы ғана емес, анықтау сипатында жасаймыз. Көршілер куәлік етсе, жетерлік. Жаңа заң әлі заңды күшіне енген жоқ. Жаза, әрине, қатаңдайды. Тұрмыстағы зорлықтың құрбаны болған жандар шағым түсіруге қорықпай, өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапты органдарға жүгінуі керек, – деді Полиция департаменті учаскелік инспекторлардың қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Айдын Исаев.

Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Әлеуметтік желіде жаңа заң жобасына қатысты алып-қашпа әңгіме көбейді. Бірі «бұл өзгерістер отбасы институтын нығайтады» десе, енді бірі «әйелдер мен балаларға кері әсерін тигізуі мүмкін» дейді.

– Әйелдер күйеуінің үстінен арыз жазуға қорқады. Себебі «күйеуі қамауға алынса, алимент төлемейді» деп ойлайды. Егер адам қылмыс жасап, құқық бұзса, тиісті жазасын алуы керек. Егер агрессор түрмеге отыратын болса, ол қоғамдық жұмыс істеуі мүмкін. Демек, ақысынан балаларына алимент төленейді. Бұл жария-айыптау баптарына жатқандықтан, татуласу қарастырылмаған, – деді заңгер Гүлшара Сапарова.  

Ішкі істер министрлігінің соңғы деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері елде отбасылық жанжалға байланысты 15 мыңнан астам қылмыс тіркелген.

Әйкерім Пернебек, Ханкелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Заңсыз иемденген 40 млрд теңге мемлекетке қайтарылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир