Атом қуаты халықаралық агенттігінің басшысы Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздіктегі шешуші рөлін қолдады. Бұл туралы ұйымның Венадағы 68-сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әлем елдерінің өкілдері бас қосқан жиынға еліміздің Бас энергетигі Алмасадам Сәтқалиев те қатысты. Уранды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге арналған Қазақстанның ұлттық павильонын көпшілікке таныстырды. Көрмені тамашалауға келген халықаралық агенттіктің бас директоры еліміздің атом энергетикасын дамытудағы бастамасының маңызын атап өтті.
– Қазақстанның орасан зор ресурстары мен оның ядролық қауіпсіздік жөніндегі бастамалары саланың дамуына баға жетпес үлес қосуда. Алда болатын референдум елдегі ядролық энергетиканың болашақ дамуы үшін шешуші болмақ. Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік қауіпсіздік, қорғау және халықаралық сенім бағдарламаларын қамтамасыз ете отырып, осы маңызды кезеңде Қазақстанды қолдауға дайын, – деді Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси.
Оқи отырыңыз: Қазақстан және бейбіт атом: Алматыда ғалымдар бас қосты