Итті сойып, етін сатқан: Қарасай ауданында қылмыстық іс тіркелді

иллюстративное фото, vyksavkurse.ru
иллюстративное фото, vyksavkurse.ru
Тергеу нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Итті сойып, етін сатқан». "Оған ветеринарлар көмектескен болуы мүмкін". Осылай шағым айтқан еріктілер мен жануарларды қорғау қауымдастығының өкілдері полицияға арыз берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар Алматы облысындағы Көлді ауылының шетінен ит соятын қасапхана тапқан. Ал жергілікті әкімдіктің айтуынша, үй жануарының етін бөлшектейтін үйдің иесіз тұрғанына 6 жыл болыпты.

Қорада ауланған иттерді қамап, кейін мына темірмен ұрып талдырып, сойып отырған. Кейін мына ілгектерге іліп ет бөлшектеген. Иттің етін сатқыштар пышақтарын да осында қайрап дайындап алыпты. Қолаңса иісі қолқаны алатын қорада ет сақтайтын бөшкелер де бар.

Иесіз үйде егеулі пышақ тұр десе сенбессіз. Алайда ауылдан алшақ орналасқан мына қорада арнайы ит соятын жер бар. Әлгілер, қалдығын осында жуып, суын сайға ағызып отырған көрінеді.

«Күзде иттерді көп сояды. Содан кейін алатын адамдар алады», – деді Жануарларды қорғау қауымдастығының еріктісі Әсел Табанова.

Қанға малынған қораны жергілікті тұрғындар тапқан. Олар айдаладағы ақ үйге жабық кабинасы бар көлік жиі келіп тұратын дейді. Күдік тудырған да осы болса керек.

«Итімді танып тұрмын, оны ит аулағыштар алып кеткен екен. Итқамаққа барып іздегенімде таппадым. Ит аулағыштардың көлігін осы жерден көргендер бар екен. Ақ қасқалы итімді осы жерде сойып тастаған шығар», – деді Көлді ауылының тұрғыны Анастасия Малыгина.

Иттің етін бөлшектеп болғасын, дәл осы шұңқырға сүйектерін, басқа да ішек-қарындарын қалдырып отырған. Жергілікті жұрттың айтуы бойынша, бұл жерде көбінесе үйде ұсталған, күтімі жақсы иттерді ұрлап алып сойған екен. Ал Көлді ауылының әкімі бұл үйді алғаш көріп тұрмын деп шошыды. Ол иесіз қалған қораның барын білмеген де екен.

«Үйдің иесін анықтап жатырмыз. Сосын бұл жерде кімнің сойғанын анықтаймыз. Жаңа волонтерлар айтып жатыр, ветеринарная инспекция деп. Қазір анықталып, көрдіңіздер ғой өзіңіз, тексеріп жатырмыз. Документі де жоқ бұл үйдің, иесі алты жыл болыпты бұл үйде тұрмағалы», – деді Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Серік Үмбетәлиев.

Ал еріктілер ит аулағыштардың өзі үй жануарларын осында әкеліп беруі мүмкін дегенді жоққа шығармады. Өйткені иесі жануарын жар салып іздей бастаса, лезде тауып береді екен.

«Иттер мына изоляторде отырады. Содан соң иелері бізге звондайды. Табылады, мында келгенде ит жоқ болады. Бізде сондай үш-төрт жағдай болды. Енді қараңыз, сол итті іздей бастаймыз. Полицияға звондаймыз. Олар итті тез тауып әкеліп береді», – деді Жануарларды қорғау қауымдастығының еріктісі Әсел Табанова.

Ал бастары дауға қалған жергілікті ветеринария мамандары еріктілердің сөзін елемеді. Бос жала деп ақталды.

«Ол өтірік дүние. Көлдідегі қандай жер? Ит соя ма, мал соя ма, мен білмеймін.  Қазір ұйықтатпаймыз, қазір жаңа заң шықты. Еріктілер келіп, алып кетеді», – деді ветеринар дәрігер Көшербай Оразақынов.

Жануарларды қорғаушылар айтқан иттің еті қайда сатылып, қалай саудаға түскені жайлы ақпар тек тергеуден соң белгілі болмақ. Әзірге оқиға орнында ізкесуші мамандар жұмыс істеп жатыр.

Аталған фактіні Алматы облысы Қарасай ауданы Полиция басқармасы назарға алып, ҚР ҚК-нің 316-бабы (Жануарларға қатыгездік көрсету) бойынша қылмыстық іс тіркеді. Тексеру басталды.

Тергеу нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы,  «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров