Елімізде күріш неге қымбаттап барады

22.01.2024 19:40

Бұл ішкі баға өсімінің жоғары динамикасының басты себебі болды

elements.envato.com

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БӘҚА) күріштің көтерме сауда нарығына талдау жүргізді. Талдау көрсеткендей, нарықтағы негізгі өндірушілер (20-дан астам) Қызылорда облысында орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Меншікті өндірістің төмендеуі және импорт үлесінің жылдар бойынша динамикада 4%-дан 12%-ға дейін ұлғайғаны байқалады.

Судың жетіспеушілігі мен шығындардың өсуіне байланысты егіс алқаптары азайған.

Бұл ішкі баға өсімінің жоғары динамикасының басты себебі болды. Егер 2022 жылы күріш бағасының өсуі 36%-ды құраса, 2023 жылы 39%-ды құрады, бұл өткен жылы 3,4%-ды құраған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы өсімінің жалпы деңгейінен біршама көп.

Монополияға қарсы ден қою шаралары арқасында бір жыл ішінде баға өсу динамикасы бәсеңдеді. Баға бойынша сөз байласу негізінде 6 күріш өндіруші 68,7 млн теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Дегенмен, өндіріс көлемінің төмендеуі мен күріш бағасы көтерілуінің түпкі себептері сақталуда. Бұл - суармалы судың жетіспеушілігі, ауыл шаруашылығы техникасы, тыңайтқыштар мен сырттан әкелінетін қаптама бағасының көтерілуі, субсидиялардың уақытылы берілмеуі.

Осыған орай, монополияға қарсы орган Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялар бөлу кезінде күрішті басым дақылдар тізіміне енгізу, оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз етуді жоспарлауды ұйымдастыру, күріш өндірушілеріне жеңілдетілген несиелендіру үлесін арттыру, күрішті бөлшек сауда желілерімен тікелей сатып алу және тыңайтқыштар мен қаптама материалдарының отандық өндірісін дамыту жөнінде ұсыныстар енгізді.