«Алатау» дәстүрлі өнер театрында арнайы концерт өтеді
Бүгін - Хакім Абай туған күн. Бүгін – қазақ елі үшін ұлы мереке. Ақынның мерейтойы қазір еліміздің түкпір-түкпірінде республикалық деңгейде тойланып жатыр. Атаулы датада дана бабамыздың рухына тағзым ету үшін қоғам зиялылары мен қала тұрғындары Абай алаңында жиналып, ойшылдың ескерткішіне гүл шоғын қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Рәсімге арнайы келген абайтанушы ғалымдар «ақынның өнегесі мен мұрасын дәріптеп, оны ұрпаққа жаңа бағытта насихаттау – абыройлы міндет. Өйткені ол – қазақ халқының рухани тірегі» деген пікір білдірді.
«Абай – біздің жанымызда, санамызда, жүрегімізде күн сайын бірге жүрген тұлға. Біз қуансақ та Абайды еске аламыз, қиналсақ та Абайды еске аламыз. Абай болып тебіренеміз, Абай болып толғанамыз. Абайды біз жаңаша зерттеуіміз керек, Абайды біз жаңаша тануымыз керек. Әр ұрпақ Абайды өзінше саралап, өзінше танып, өзіне керегін алып отыратын дүние», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, абайтанушы Кенжехан Матыжанов
Айта кетейік, ұлы ақынның мерейтойын ресми түрде атап өту туралы қаулы осыдан 2 жыл бұрын қабылданған еді. Содан бері мерекені ауқымды деңгейде тойлау дәстүрге айналды. Ал бүгін іс-шаралар қалада бірнеше бағытта жалғасып, кешке «Алатау» дәстүрлі өнер театрында арнайы концерт өтеді деп жоспарланып отыр.
«Абай күні деген кез келген қазақ үшін үлкен мереке болуы керек деп ойлаймын. Абай – қазақтың ойлау бағытын нұсқаған адам. Өзімізде ойлаймыз «Абай болмағанда қазақтың ойлау барысы қалай болатын еді? Қалай жүретін едік? Адамдық пен надандықтың ара жігін ажырата алмай қалатын ба едік», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов.