Күнде жылап отырады: Шымкентте балалары несие алдырып, қуып шыққан кейуана көмек сұрайды

06.12.2021 в 19:41

Өз перзенттерінен қорлық көрген зейнеткердің 1 миллион теңгеге жуық қарызы бар

Шымкентте балалары үйінен қуып шыққан ана өз қызымен соттасып жатыр. Баспанасынан айырылған кейуана бүгінде «Көмек» оңалту орталығына орналасқан. «Жалғыз өзім жеткізген перзенттерім үмітімді ақтамады» деген зейнеткер енді балаларымен бірге тұрмаймын деп бекініпті. Тек үйімді қайтарса болғаны дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баспанасын сатып, ақшасын балаларына бөліп берген 70 жастағы кейуана қазір қызымен соттасып жатыр. Оның айтуынша, бастапқыда үлкен перзенті өз үйіне шақырған. Бірақ қолына ақша тиген соң, анасын қуып шығыпты. Қайда барарын білмей дал болған Саламат Балабаева қайтыс болған қызының үйі бар екенін есіне түсіреді. Сонда барып тұрақтасам деген ниетпен жауапты мекемелердің есігін қаққандағы естіген жауабы мынадай болыпты.

«Қызымнан пәтер қалыпты ғой, сонда тұра тұрайыншы» деп бардым. Сөйтсем, олар қол қойып қойғансыз дейді. «Қашан қойдым?» деп сұрадым. 19 сәуірде деп жауап берді. Ал қызым сол айдың 5-і күні қайтыс болған. Сонда жетісі де өтер-өтпес болып тұр ғой дедім. Сосын олар қол қойып қойғансыз, енді тек сот арқылы ғана ала аласыз деді», – дейді зейнеткер Саламат Балабаева.

Бұл істі істеген де үлкен қызым дейді Саламат Балабаева. Кейуананың айтуынша, қайтыс болған перзентінің үйін де анасына қол қойғызып, өз атына жаздырып алған. Мұндай қорлыққа шыдамаған зейнеткер сотқа шағым түсірген.

«Соттан талап еткенде сол бұрышын маған қайтып берсін деп жатырмын. Маған баспана керек. Мен ешкімдікін тартып алайын деп жатқаным жоқ. Қазірше жеке тұра тұрайын. Тыныштық керек. Шаршадым. Балаларымды көтердім. Немерелерімді көтердім. Жұмыс істедім. Енді аздап демалуыма болатын шығар. Қызымның осы тірлігінен кейін көңілім бәрінен қалды», – деп күйінеді зейнеткер Саламат Балабаева.

Осылай деп қынжылған ана 400 000 теңге несие алып, адвокат жалдапты. Әрі пәтер жалдау қиындық тудырып, Шымкенттегі «Көмек» оңалту орталығына орналасқан. Ал осыдан біраз уақыт бұрын анамды емдетемін деп осы орталыққа басқа қызы іздеп келіп, алып кеткен екен. Бірақ әжей тағы 500 000 теңге несие алуға мәжбүр болыпты. Бүгінде бар қарызымнан құтылсам деген арманмен жүрген кейуана тек зейнетақысымен күн көріп отыр.

«Қызы арқылы берген. Бірге барған соң 500 мың теңгеге сізді емдейміз деген. Қолында екі МРТ қағазы, дәрігердің қойған диагноздары бар, соған дәрі-дәрмек алған. Бірақ оның барлығы 500 мың теңге болады деп ойламаймын. Апа кешке де, таңертең де жылап отырады. «Өмір сүргеніме Аллама мың да бір рахмет, қарызымнан құтылғанша мені бұл дүниеден ала көрме» деп жылайды», – деді «Көмек» оңалту орталығының басшысы Малика Әбдірашқызы.

Бүгінде істің мән-жайы белгілі, бірақ әлі шешім шықпаған. Орталық заңгерінің айтуынша, Саламат Балабаеваның адвокаты ештеңе шеше алмай жатқан көрінеді. Біз тегін көмек беруге дайынбыз деген оңалту орталығындағылар қолымызда заңды түрде мүмкіндік болмай тұр дейді. Олардың айтуынша, соттасып жатқан қызы бір емес, үш адвокат жалдапты.

«Біз адвокатына хабарласып сұрасақ, әртүрлі, адам ойына сыймайтын жағдайларды айтады. Біресе судья кетіп қалды дейді, біресе ауырып жатыр дейді, біресе сіздердің бұл іске еш қатысыңыз жоқ деп шығады.  Ал бізге келіп айтыңыз десек, айтпайды. Істі судья Мурсалиев қарап жатыр. Біз қайда хабарласып, қайда бармасақ та, бұл іс бойынша тек адвокаттан мәлімет аласыздар дейді, болды. Біз тіпті кіре алмаймыз. Осы апта күтеміз, болмаса қазіргі адвокаттан бас тартып, өзіміз кірісеміз», – деді «Көмек» оңалту орталығының заңгері Данияр Жиенбаев.

5 баласын жалғыз өзі асыраған ана бүгінде көмекке мұқтаж. Өз перзенттерінен қорлық көрген зейнеткердің 1 миллион теңгеге жуық қарызы бар. Кейуана менің жағдайымды түсініп, қол ұшын созар жан табылса, көмектен бас тартпас едім дейді.

Мөлдір Ибадуллаева, «Алматы» телеарнасы