Түркістан облысында 182 жасөспірім жүкті болған

25.06.2024 19:47

Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды мәлімдеді

elements.envato.com

Ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында өңірде «Репродуктивті денсаулықты сақтау» апталығы өтіп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Апталықтың басты мақсаты – халықтың репродуктивті денсаулық мәселелері туралы ақпараттандыру, салауатты өмір салтын насихаттау және ұрпақты болу жүйесімен байланысты аурулардың алдын алу. Апталық аясында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, денсаулық сақтау орталықтарында ашық есік күндері, жасөспірімдерге арналған тегін медициналық тексерулер мен кеңестер ұйымдастырылады.

Брифингте ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi Назым Жанғазинова ата-ана мен бала арасында жоспарланбаған жүктілік жөнінде ашық әңгіме болуы керектігін айтып, ұлт болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Ал Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша еліміздегі көш бастап келе жатқанын жеткізді.

«Өткен жылы өңірде 56 мыңға жуық нәресте дүниеге келсе, осы жылдың алғашқы 5 айында 20 мың 859 сәби дүние есігін ашып отыр. Ана мен бала денсаулығы – ел болашағының жарқын болуының негізі. Бүгінгі таңда облысымызда 500 мыңға жуық бала тууға қабілетті жастағы әйелдер бар. Оның ішінде 28 мыңнан астам әйел жүкті болып тіркелген. Сонымен қатар 182 жасөспірімнің жүктілігі тіркеліп отыр. Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы анықталып, 600-ге жуық әйел осы дерттен көз жұмады. Репродуктивті денсаулықты қорғау апталығы аясындағы жұмыстар халық денсаулығын нығайтуға септігін тигізеді деген үміттемін», деді Бауыржан Сатыбалды.

Оқи отырыңыз: СҚО-да 13 жастағы қыз түсік жасатқан