Ақтөбеде енесі келінін сабап, үш немересін үйден қуып шыққан

28.11.2019 19:42

Келіншек Оралдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, жетім өскен

Ақтөбеде жолдасынан таяқ жеп, полициядан көмек сұрайтын қыз-келіншектер көбейген. Жыл басынан бері облыста полиция қызметкерлерімен 183 ана мен бала дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Оның 60-қа жуығы әйел адам болса, қалғаны бала, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Олардың дені азаматтық некедегі немесе заңды некедегі жолдасынан зәбір көргендер.

"Дағдарыс орталығына орналастырғандар тек жолдасынан зардап шеккен әйелдер емес, ата-енесі, қайын ағасы, қайын сіңлісінен зардап шеккендер бар. Олар отбасындағы жанжалға шыдамай орталыққа келіп тұрады. Қазір енесі қол көтерген келіншек үш баласымен орталықта алты айдан бері тұрып жатыр.

Оған жолдасы қол көтермеген, керісінше енесінен зәбір көрген. Жолдасы қазір екінші әйелмен тұрады. Келіншек Оралдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, жетім өскен. Бұл бір адамның  тағдыры. Әр түрлі жағдайлар бар",- дейді әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектор Ақкүл Қасанғалиева.

Полиция қызметкерлері білім бөлімінің басшылары, дағдарыс орталығы, медиатор мамандарымен бірге қоғамдық қабылдау өткізіп жатыр. Акцияның негізгі мақсаты - ерте жастан жүктілікке, қиын жағдайға тап болған аналарға көмек беру.

"Дағдарыс орталығында бірнеше рет тұрмысқа шыққан келіншек те жатыр. Төрт баласы төрт адамнан. Жақында ғана кішкентайын босанды. Балаларының алды 7 жаста, аралары қатар. Отбасында зорлық-зомбылық көрген келіншектер көп. Бізде қазақы менталитет болған соң әйел полициядан көмек сұрап арызданса да, істі сотқа жеткізбей кешірім береді. Біздің жұмысымыз -қиын жағдайда қалған келіншектерге көмектесу. Олар айлық курстарда тегін оқытылады", - дейді Ақкүл Қасанғалиева.


Теги: Әйел ене