Дәрігерлер балада желшешектің белгілерін анықтап, жедел емдеуге кіріскен
4 шілде күні Атырау облысының инфекциялық ауруханасына 6 жастағы қыз бала ауыр жағдайда түсті. Дәрігерлер оған желшешек диагнозын (ветряная оспа) қойған. Қыз бала 24 сағаттан соң көз жұмды, деп хабарлайды nur.kz.
Дәрігерлер балада желшешектің белгілерін анықтап, жедел емдеуге кіріскен.
Бірақ инфекция сәбидің барлық ағзасын жайлап үлгеріпті. Соның салдарынан қыз бала бір тәулікке жетпей көз жұмды.
Қазіргі уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы жағдайға байланысты тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Мамандардың пікірінше, Софияның ағзасында ауруға қарсы иммунитет өте әлсіз болған.
«Балаға шұғыл түрде медициналық көмек көрсетіліп, жансақтау бөлімшесінде жасанды тыныс алу аппаратына салынды. Түскен мезгілден бастап балаға қажетті ем-шаралар жүргізілді. Бірақ осы емдеу шараларына қарамастан баланың жағдайы оң динамика берген жоқ», - деді 2 облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Надя Ерғалиева.