Жол бойындағы үздік әжетханаларға конкурс жарияланады

19.07.2019 19:42

Конкурста жобасы үздік деп танылған мердігер 7 жыл бойы жолаушыларға қызмет көрсетеді

«QazAvtoJol» компаниясы өз тарапынан демалыс алаңдары мен аялдамалардағы дәретхана мәселесін шешу үшін инвестициялық конкурс жариялап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған конкурс жылдың үшінші тоқсанынан бастап жарияланбақ. Бастама иесі – «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы.

«Үшінші тоқсанда екі кезеңдік конкурс басталады. Бірінші кезеңде инвесторлар жайлы әжетхананың өз нұсқасын ұсынады. Екінші кезеңде үздік жоба сапасымен бірген күтіп-ұстау шығындарына қарай іріктеледі. Дәретхананы жылыту үшін «жасыл технология» қолдануына да болады. Бұл тұрғыда ешқандай шектеу жоқ. Тіпті жалғыз дәретханамен шектелмей, жанынан сервис орталығын орнатуына да болады. Ең бастысы, күтім шығындары қызмет сапасына сай болуы керек», – дейді компанияның стратегиялық жоспарлау, бизнесті дамыту және ақпараттандыру департаментінің директоры Рустам Исаев.

Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Ұлан Әліповтың мәліметіне сүйенсек, конкурста жобасы үздік деп танылған мердігер 7 жыл бойы жолаушыларға қызмет көрсетеді.  

«Мердігерлер қазірдің өзінде қызығушылық танытып отыр. Олар өз ақшасына заман талабына сай әжетхана орнатуы керек. Соны жеті жыл бойы өздері күтіп ұстайды. Ал біздің компания күтіп ұстаған шығыны үшін ақы төлейді. Алдын ала есеп бойынша, ондай шығынның көлемі бір әжетханаға айына 500 мың теңге болуы мүмкін», – дейді ол.

Жалпы, 2021 жылға дейін республикалық маңыздағы жолдардың бойынан 304 жайлы дәретхана орнату жоспарланған екен.

«2019-2021 жылдарға деп республикалық жолдардың бойында 304 санитарлық торап орны бекітілген. Оның ішінде 109 орын жаңадан салынып жатқан жолдардың бойынан белгіленді. Қолданыстағы жолдар бойында 195 орын анықталып отыр. Оның бәрін инвесторлар жеке қаражатына орнатуы керек. Жыл басынан бері осы талаптардың барлығын сақтаған 20 сервис нысаны салынды. Жыл соңына дейін олардың қатарын тағы 25 нысан толықтырады», - дейді департамент директоры Рустам Исаев.

Айта кетсек, орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жол бойында таза әрі жайлы дәретханасы жоқ сервистер сүрілуі мүмкін екені мәлім етілген болатын. «QazAvtoJol» өкілдері жол бойындағы дәретханалардың тазалығына кім жауапты екенін де айтты.