Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтетін орын мен мерзім талқыланды
Елорадада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі хатшылығының XIX отырысы өтіп жатыр. Оның жұмысына 20 елден келген әлемдік діндер мен конфессияларалық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар пандемияға байланысты бірқатар дін өкілдері онлайн режимде баяндама жасады. Хатшылық отырысында діндер лидерлерінің VII съезін ұйымдастыруға қатысты мәселелер пысықталды. Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында бейбітшілік пен жалпыұлттық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алғанына назар аударды.
«Биыл біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы кезеңде бейбітшіліктің, жалпыұлттық бірлік пен конфессияаралық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бұл бағдар өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасып келеді. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен хатшылық отырысын абырой-бедел жинау үшін өткізбейміз. Бұл – қазақстандық даму жолының біртұтас ажырамас бөлігі», – деді ҚР Парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар хатшылық отырысында Ауғанстандағы ахуал, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтетін орын мен мерзім талқыланды. Аталған форумда пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуы да әңгіме арқауына айналды.