Қазақстанда 1 адамға 10 жұмыртқадан сатыла бастады

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
«Айналым схемасы» арқылы сатылатын сауда желісінде осындай шектеу белгіленген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда жұмыртқа бір адамға 10 данадан ғана сатылып жатыр. «Айналым схемасы» арқылы сатылатын сауда желісінде осындай шектеу белгіленген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атырау облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің айтуынша, жұмыртқа саудасына қатысты мұндай шектеу алыпсатарлық әрекет пен тапшылықтың алдын алу үшін қолға алынған.

Айтуынша, бірінші санаттағы жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кіреді. Сол себептен, мұндай санаттағы өнім «айналым схемасы» арқылы 38 сауда-саттық нүктесінде 35,6 теңгеден сатылады.

«Алыпсатарлық әрекеттер мен жұмыртқа тапшылығының алдын алу мақсатында «Идеал-маркет» сауда желісінде бір қолға 10 жұмыртқадан аспайтын шектеу белгіленді. Басқа сауда орындарында мұндай шектеу жоқ», - деп мәлім етті Нұрбол Жаңабеков.

Сондай-ақ, өңір тұтынушыларының жұмыртқаға сұранысын қамтамасыз ету үшін өзге аймақтардан өнім тасымалдау жолға қойылған.

«Атырау облысында жұмыртқаға айлық қажеттілік – 7,9 млн дана. Өңірде жұмыртқа шығаратын 2 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Бұлар – «Алмалы құс» және «Бақай құс» ЖШС. Екі кәсіпорынның бір айдағы өндірістік қуаттылығы – 2 млн дана жұмыртқа. Қазір екі кәсіпорын облыс тұтынушыларының қажеттілігін тек 30%-ға қамтамасыз етеді. Өңірдің жұмыртқаға қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін Қостанай, Ақтөбе, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарынан өнім тасымалдау жүзеге асырылып отыр», - деп хабарлады Нұрбол Жаңабеков.

Новости партнеров