Ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр
Қызылордада бірнеше көшеде жөндеу жүріп, жылу құбырлары жаңғыртылып жатыр. Дегенмен қазылған құбырдан кейін жөнделген жолдардың сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көшедегі ойдым-ойдым асфальт қозғалысқа қиындық туғызып қана қоймай, тұрғындарды балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдауға мәжбүр еткен. Опырылған асфальт бетіндегі жабындыдан көшелер де ой-шұқырға айналған. Солардың бірі – қала орталығындағы Қыдыров көшесі. Мөлтек ауданда кәріз жүйесі мен ауыз су құбыры ауыстырылғаннан кейінгі жолдың сиқы осы. Ал ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр.
– Былтыр көшені төрт рет қазды. Төртеуін де дұрыс істемей кетті. Жартылай істейді де, жартылай қалдырады. Шаң, балалардың денсаулығына зиян, – деді қала тұрғыны Алмагүл Мырзағалиева.
Қаладағы сапасы сын көтермейтін бірқатар көшеге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мен қоғам белсенділері мониторинг жүргізді. Анықталған кемшіліктер бойынша салаға жауапты мамандарға сын-ескертпее берілген. Азаматтар қаладағы мұндай көшелерді бақылауда ұстамақ.
– Ойық пайда болған шұңқыр жерлер бар. Оны мердігер есебінен келісімшартта кепілдік мерзімі 24 ай қаралған. Соған сәйкес, ескертпе бердік. Қаланың орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелердің тізімінде Қыдыров көшесі де бар, – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев.