Наурыз мейрамы: Астанада 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Орталық алаң маңында 10-ға жуық қара үй тігілген, 4 алтыбақан орнатылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Самарқанның көк тасын жібітіп, сайын даланы дүбірге бөлеген Әз-Наурыз елорда төрінде де тойланып жатыр. Астанада 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Ұлыстың ұлы күні Қазақ елі монументі алдындағы алаңда ауқымды тойланып жатыр. Мұнда әншілер ән шырқады. Палуандар боз кілемде күресіп жатты. Одан бері қарай жүрсеңіз, арқан тартысқан адамдарды байқауға болады. Асық атып, сайысып жатқандар да бар. Білегіне сенгендер, гір көтерді. Қысқасы қазақтың ұлттық ойындары дәріптеліп, салт дәстүрі көрсетілді.  

– Төрт спорт түрінен жеңімпаздарға арнайы жүлделі орынға сыйлық бар. Ойын біткен соң, салтанатты түрде табысталады, – деді Сарыарқа аудандық Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бибігүл Жақсыбай.

Орталық алаң маңында 10-ға жуық қара үй тігілген, 4 алтыбақан орнатылған. Келушілер қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, бұл мейрамның маңызын атап өтті.  

– Көңіл-күйіміз жақсы. Жаңа жыл құтты болсын! Ақ мол болсын! Халқымыз жылдан жылға аман жете берсін! – деді қала тұрғыны Абзалбек Шәкенұлы.

– Наурыз мейрамы құтты болсын! Бейбітшілік болсын, Қазақстанның ертеңі – біз болайық! – деді қала тұрғыны Мөлдір Қоңқабай.

–Той думанға келеміз,

Тамашаны көреміз.

Ән айтайық, би билеп,

Қол соғайық бәріміз! деді қала тұрғыны Аймәриям Асқарқызы.

Астанада Әз Наурыз 30-ға жуық жерде бір мезетте тойланып жатыр. Ал Қазақ елі, Бәйтерек монументі, Орталық алаң, Елорда саябағы және ЭКСПО аумағында эстрада жұлдыздары келіп ән салады, өнер көрсетеді. Елордада мерекелік іс-шара сенбіге дейін жалғасады.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Шеруге ұлттық дәстүрді насихаттап, үлес қосу үшін қатыстым - қала тұрғыны

Новости партнеров