Алматыда әскери борышын өтеп жүрген сарбаз анасына тосынсый жасады

05.03.2022 19:44

Оның анасын қуантуға ҰҚК шекара қызметі өкілдері көмектесіпті

Almaty.tv

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз анасымен қауышты. Оның анасына тосынсый ұйымдастыруына Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі өкілдері көмектесіпті. Ұлын сағына күтіп жүрген ананың қуанышын Almaty.tv тілшілері де бөлісіп айтты.

23 жастағы Ерасыл Боштай – Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2027 әскери бөлімінің сарбазы. Өткен жылдың қыркүйек айында Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен. «Жылда бұл мерекеде анам қасымда болатын, оған гүл шоқтарын сыйлап, қуантып қоятын едім» деген Ерасыл биыл әскерде жүргеніне қарамастан, анасымен қауышуға мүмкіндік алды.

«Мен көптен бері анамды таңқалдырғым келіп жүрген еді. Себебі жақында оның туған күні әрі 8 наурыз мерекесі ғой. Майор №176 мектепке келіп, ән айтуға болатынын айтқанда қатты қуандым», - деді сарбаз Ерасыл Боштай.

Ал әскерге кеткен ұлын сарғая күтіп жүрген Жақсылық Құсайынова «баламды сағынып жүргенімде, бір көріп қуанып қалдым» дейді. Ол мектепке мерекелік концерт тамашалауға келгенінде сахнаға ұлы шығып, ана туралы әнді шырқаған. 

«Өте қуаныштымын. Тосынсый күшті болды. Енді барлық анамызды, апаларымызды, әжелерімізді осы мейраммен құттықтаймын! Мендей бақытты ана бола беріңіздер деп тілеймін!», - деді сарбаздың анасы Жақсылық Құсайынова.

Сағыныса көріскен ана мен бала кездесуі бар болғаны жарты сағатқа созылды. Анасын құттықтаған Ерасыл қайта сарбаздар қатарына тұрып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.

Жанар Ғаниқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы