Бала тілінің дамуы баяулап барады. Сөйлем құрау былай тұрсын, қазіргі 4 жастағы балдырғанның көбі екі сөздің басын қосып, ойын жеткізе алмайды. Дефектологтар мұны сананың дұрыс қалыптаспауымен байланыстырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Яғни, бүлдіршін қоршаған ортадан жасына сәйкес мәлімет алмаған соң ой өрісі шектеліп қалатын көрінеді. Мамандар тілдің кеш шығуына телефон ғана емес, іс-қимылдың аздығы да себеп дейді. Негізі адамның физикалық қалыптасу тәртібіне сәйкес, бала 1 жасында кемінде 10-ға жуық сөз, ал 3 жасқа келгенде әңгіме айта алауы қажет.
Үш жастағы бала ойын еркін жеткізуі тиіс дегенмен, бүгінде 7-ге толған бала қарапайым сөздерді анық айта алмайды. Дефектолог маманның айтуынша, ата-ана бүлдіршін қылығына ертерек мән бермейді.
– Нәресте 3-4 айында уілдеуі керек, ал 7-8 айында «ма-ма-ма, па-па-па» деп буынға бөліп айтуы қажет. 1 жастағы бүлдіршін 10 сөз, 1,5 жасында 2 сөздің басын құрай алуы тиіс. Егер айта алмаса, міндетті түрде мамандарға жүгініп, баламен жұмыс істеуіңіз керек, – деді дефектолог, мектепке дейінгі педагог Гүлім Смағұлова.
Маманның сөзінше, бала тілінің толық дамуы қазір орта есеппен 4 жасқа шегерілген. Бірақ дефектолог тәлімінен өтіп жатқандардың арасында 6 жастағы бала бар. Ата-анасы оның сөздік қорына жасы 4-ке келгенде ғана назар аударған.
– Еркелік, кішкентай дедік, негізі бала 2 жасында сөйлемесе логопед, дефектолог деген мамандарға апарған дұрыс екен. Біз сәл кеш бастадық. Бірақ тым кеш деуге келмес, дәрігерлердің айтуынша, 7-8 жасында ғана мән беретін ата-ана көп. Бірақ ол кезде кеш болады, – деді ата-ана Айгүл Жиесова.
Тілдің кеш шығуына немесе мүкіс болуына телефонның да әсері көп. Шаршы экран баланың ой өрісін тежеп, ақпарат кеңістігін шектейді. Сондықтан кішкентайдың зейінін ашу үшін, жаттығуларды дағдыға айналдырған абзал.
– Ең біріншіден, бала секіруі керек. Секірмеген бала сөйлемейді. Мен баланы, жүгіртіп немесе секіртіп жатырмын. Тепе-теңдікті сақтай алмаған бала, өз жасына сай болмайды. 3 жаста ол тепе-теңдікті сақтай алуы тиіс, – деді дефектолог, мектепке дейінгі педагог Гүлім Смағұлова.
20 жылдық тәжірибесі бар маман «баламен көбірек сөйлесе берген жөн» дейді. Оның айтуынша, ата-ананың өзі қызығушылық танытса ғана, бүлдіршінде даму мен нәтиже болады.
Оразай Нұртайұлы, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Сабақтастық: балабақша бүлдіршіндері мектеппен танысты