Каспийде қырылған итбалықтар саны 80-ге жуықтады

Фото: Балық шаруашылығы комитеті
Фото: Балық шаруашылығы комитеті
Табылған өлекселерде физикалық зақым анықталған жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында табылған итбалықтардың өлексесінің қатары артты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

31 наурызда инспекция қызметкерлері жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, Каспий теңізінің жағалауын қарау кезінде 16 өлі итбалықтың өлекселерін тапты. Ал 1 сәуіріндегі жағдай бойынша өлі итбалықтардың жалпы саны 78-ге жетіп отыр.

Бұған дейін Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілдерімен Түпқараған ауданындағы Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында 62 өлі итбалықтың өлекселерін тапқанын мәлімдеген болатын.

Шұғыл түрде итбалықтар табылған жерге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, ветеринарлық станция және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы оқиға орнына аттанды.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті су сынамаларын алған. Ал кетеринариялық станция қызметкерлері ішкі ағзалардың тіндерін (бауыр, өкпе), ал Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы азу тістерін, тырнақтарын және жүніне тиісті зертханалық зерттеулер жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, гидробиология және экология институты, қазақстандық қолданбалы экология агенттігі, микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, Табиғат қорғау прокуратурасынан құралған жұмыс тобының барлық мүшелері жедел түрде хабардар етілді.

Түпқараған аудандық әкімдігі осыған дейін табылған 40 итбалықтың өлексесін жою жүмыстарын жүргізсе, тағы 22 дана итбалық сынама алу үшін сақталып отыр.

«Табылған өлекселерде физикалық зақым анықталған жоқ. Итбалықтар табылған жерге Алматы қаласындағы Гидробиология және экология институтының ғалымдары келді. Олар бүгінде табылған ұшалардан тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін ішкі ағзалардың тіндерін (бауыр, өкпе), сондай-ақ азу тістерді, тырнақтар мен жүнді ішінара іріктеуде», - деді Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторингін жалғастырып жатыр.

Оқи отырыңыз: Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесті

Новости партнеров