ШҚО шаруалары мен кәсіпкерлер арасында шу шықты

12.07.2022 01:13

Жергілікті билік өкілдері мал қырылу дерегі тіркелмегенін мәлімдеді

Almaty.tv

ШҚО Ұлан ауданында шаруалар мен кәсіпкерлер арасында шу шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Малымыз өзен суын ішіп, қырылып жатыр деп дабыл қаққан фермерлер оның себебін жақын маңдағы алтын өндіретін компаниядан көріп отыр. Ал кәсіпкерлер бұл айыптаулар негізcіз дейді. Бозанбай ауылдық округінің шаруаларында көктемнен бері маза жоқ. Олардың айтуынша, бірнеше шаруа қожалығының малы қайта-қайта қырылып жатқан көрінеді.

«Мал деген су ішеді, арғы жаққа қарай өтсе, мал уланып жатыр. Көрші шаруашылықтардың да малы уланып жатыр. Қозының аяғы ісіп, неше түрлі ауру шығып жатыр», – деді шаруа Қуаныш Мұқашев..

«Малдың қырылуы көктемде басталған. Менде 60 бас ірі қара, басқаларында одан да көп. Менде ғана емес, өзен бойында орналасқан бірнеше қожалықта мал қырылды», – деді шаруа Дәделхан Сәбитов.

Фермерлер малға тиіп жатқан залал ауыл маңындағы алтын шығаратын кен орнынан деп отыр. Алтын өндірушілер тау жынысын жуғаннан кейін лас суды өзенге ағызатын көрінеді. Бұл жайында шаруалар тиісті инспекцияға, санитария мамандарына жүгінген. Алайда жергілікті билік өкілдері мұны жалғанға балап, мал қырылу жағдайы еш тіркелмегенін мәлімдеді.

«Бозанбай ауылдық округінен мал қырылғаны жайында шағым түскен жоқ», – деді  «Ұлан-вет» МКК басшысы Оразхан Қашибаев.

«Егер ондай жағдай болса, біз оны бірден тіркеп, санын шығарып, тиісті шаралар атқарар едік», – деді Бозанбай ауылдық округінің әкімі Раушан Мұқашева.

Ал өнеркәсіп өкілдері шаруалардың сөзі  негізсіз дейді. Зауыттың бас технологы жаман суды өзенге ағызбаймыз, су арнайы аспаптарға құйылып, өзенмен араласпайтын бөлек жерде айналымда болады дейді. Тіпті, кәсіпорын кейін аумақты қалпына келтіруге міндеттемелер де алған. Орындамаса 60 млн теңге кепілінен айырылады.

«Барлық құжатымыз бар. Үкіметтік деңгейде тексерістер жүріп тұрады. Қоршаған ортаға зиянымыз болса біз бұлай жұмыс істемес едік», – деді  Алтын өндіретін компанияның технологы Владимир Мельник.

Сынама алған санитарлар судан зиянды зат таппаған. Ал тау-кен орнының маңындағы өзге 10 шақты қожалық жүріп жатқан жұмыстарға түсіністік танытып, өздерінің жер телімін келісілген бағаға айырбастапты. Ал шу шығарып жүрген шаруалар жайылымды кен өндіруге беру үшін еселеп қаржы сұраған көрінеді.

«Мұның артында ақша жатыр. Олар өндірушілер ұсынған ақшаға келіспей жатыр деп естідім. Егер Қазақстанның дамуын ойласа рұқсатын беруі керек қой», – деді «ТАБЫС-АГРО» ӘКК өкілі Василий Айтқазин.

Осындай келіспеушіліктің кесірінен зауыттың жұмысы арасында тұралап қалатын көрінеді. Ал мал суаратын жері жоқтарға әкімдік өзеннен ағыс шығарып беруге дайын.

Назкен Еркін «Алматы» телеарнасы