Қазақстандағы 424 мың еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтың 112 мыңы ғана жұмыспен қамтылған.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте «Ерекше Таңдау-Шелек» Кооперативтік қорының бағдарламалық директоры Захира Бегалиева мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, коронавирус пандемиясы кезінде мүгедек жандар елеусіз қалған. Себебі көбі цифрлық технологияларды меңгермеген. Бұл олардың білім алуына, еңбекпен қамтылуына кедергі келтіріп отыр.
«Біз арнайы сауалнама жүргіздік. Сұралғандардың көбі цифрлық дағдыларын дамытқысы келетіндерін айтты. Олар бағдарлау, жарнама маманы, SMM секілді сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруді қалайтынын жеткізді. Алайда мүмкіндігі шектеулі азаматтар қанша талпынғанмен, жоғары еңбекақы төлейтін мамандық бойынша сапалы білім ала алмайды. Өйткені курстар ерекше білім беру талаптарына сай емес. Білікті мамандар тапшы. Тіпті қала ішінде жүріп-тұруларына жағдай жасалмаған», – деді «Ерекше таңдау-шелек» кооперативтік қорының бағдарламалық директоры Захира Бегалиева.
Сонымен қатар, көптеген жұмыс берушілер олардың біліктілігіне күмән келтіріп жұмысқа қабылдамайтыны да айтылды. Аталған мәселелерді шешу мақсатында елімізде «LIDER Z» жобасы жасалды. Бұл әлеуметтік жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кәсіби білім беруге, заманауи мамандықтарды меңгеруге, еңбек құқықтарын қорғауға ықпал етпек. Оқу қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Бүгінгі күні ел бойынша 130-дан астам өтініш түскен.