Ұсыну уақыты 11 қазан кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасады
Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, бүгін сағат 10:35 – тегі жағдайға үміткерлерден өтініш түспеген. Ұсыну уақыты 11 қазан кешкі сағат 18:00-ға дейін жалғасатынын айта кетейін. Комиссия мүшелері арнайы отырыс өткізіп, үміткерлерге қойылатын талаптарды жіпке тізді. Кандидат туғанынан республика азаматы болуы керек. 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді меңгерген, Қазақстанда соңғы 15 жылда тұрған және жоғарғы білімі бар азамат президенттікке үміткер бола алады.
«Конституциялық заңда республикалық президенттікке кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін. Нақтыласақ, президент болып сайлануы үшін азамат мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы, сондай-ақ белсенді сайлау құқығына ие болуы тиіс», – деді ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері кандидатқа сайлау алдындағы жөнсіз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қатаң тыйым салынатынын ескертті. Яғни, егер үміткер сайлаушыларға тауарларды, қызметтерді, бағалы қағаздарды тегін немесе жеңілдетілген шартпен ұсынса, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткізіп, ақша төлеп немесе соған уәде берген жағдайда ол азамат тізімнен алынады.
«Сайлау алдындағы негізсіз үгіт президенттікке кандидатты тіркеуден шығаруға негіз береді. Сондықтан, үміткерлер конституциядағы заңды қатаң сақтауына шақырамыз. Сондай-ақ, мемлекет әр кандидатқа оның үгіт-насихат жұмыстарын қолдау үшін бюджеттен бірдей қаражат бөледі», – деді ОСК мүшесі Анастасия Шегорцова.