Абу-Даби Плазада тағы да шу: 150-ге жуық жұмысшысы бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүр

02.04.2021 20:29

Мердігер компания өзін банкрот деп жариялаған

Almaty.tv


Елордадағы Абу-Даби Плазада шу шықты. Зәулім ғимараттың құрылысына қатысқан шетелдік компанияның 150-ге жуық жұмысшысы бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүр. Мердігер компания өзін банкрот деп жариялаған. Нәтижесінде келісімшарт негізінде қызмет көрсететін мекемелер де зардап шеккен. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай айтсын.

Жалақыларын төлеуді талап етіп бүгін 40-қа жуық адам жиналды. Олардың арасында 5-6 баласы бар жалғызбасты аналар да бар. Шағымданған халықтың барлығы жалдамалы пәтерлерде тұрады және ай сайын несие төлейміз дейді. Соған қарамастан жалақыларын үш айдан бері ала алмаған.

«Қаңтар, ақпан, наурыздың жетісіне дейін істедік. Бізді ақшасыз шығарып салды. Келеміз, кетеміз. Бастығымыздан сұрасаң, ақша жоқ, ақша жоқ дейді, бастыққа аудармаған. Сонымен жиналып тұрмыз осылай. Шетелдіктер Қазақстанда жүріп ақымызды қазақтарға бермейді. Неге бермейді? Не үшін бермейді?» – деді құрылыс компаниясының жұмысшысы Тынышкүл Баяғузиева.

«Біз департаментке бардық, арыз жаздық, сосын кейін жаңағы еңбекті қорғау инспекциясына бардық. Арызымызды қайтарып берді», – деді құрылыс компаниясының жұмысшысы Қорлан Тоқажанова.

Тауарларды жеткізу бойынша қызметтер ұсынған компаниялар дәрменсіз халде. Олар келісімшарт негізінде шетелдік ұйыммен жұмыс істеген. Бірақ бүгінде оның барлық шарттары жеткізушілердің өздеріне тиімді болмай отыр екен. Ал, жеткізушілерге қыркүйек айынан бастап жалақылары төленбеген.

«Түсіндірмейді шығарып жібереді. Тосыңыздар дейді. Қашанғы тоса береміз. Мына жерде 100-ден астам жұмыскерлер бар. Екі ауысым бойынша істеген. Күндіз-түнде. Мүлдем тоқтап тұр, себебі бұл жердегі жатақханада тұрған жұмыскерлер, шетелдің жұмыскерлері, бәрі кетіп қалды», – деді тауар жеткізуші Медет Батанбаев.

Ал, елорда әкімдігі бүгінде осы іс бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Қазіргі уақытта біз компания директорының орналасқан жерін анықтап жатырмыз. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша жоспардан тыс тексеруді тіркейміз. Жалақы бойынша қарыз анықталған жағдайда, біз бұйрық шығарамыз», – деді қалалық қоршаған ортаны бақылау және сапа бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Смағұлов.

Үш ай бойы байланысқа шықпай, халықтың шағымын елемеген құрылыс компаниясының өкілі бүгін ғана келіп жиналған халыққа уәдесін берді. Алайда қай уақытта төлейтіндерін айтпады.

«Біз бұл мәселені бірлесіп шешетін боламыз. Бірақ қазіргі уақытта жалақыны қай кезде төлейтінімізді нақты айта алмаймын. Жалақыны мүмкіндігінше тезірек төлейтін боламыз», – деді шетелдік құрылыс компаниясының өкілі Ілияс Дәуленов.

Компания 20-ға жуық жеткізушілерге миллиондаған қарызын қалай өтейтініне қатысты да тіс жармады. Ал, 150-ге жуық қызметкер жалақыларын қашан алатыны белгісіз.

Қаламқас Нысанбай