Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтып берді
Өткен жылы тұтынушылық несиелер 40 пайызға өсті. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде несие алғандар мен оны өтей алмай жатқандар саны өсті. Ол туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты. Аталған мәселені шешу үшін Мәжіліс азаматтардың банкроттығы туралы заң жобасын талқылауды жоспарлап отыр. Төменгі палата депутаттарының сөзінше, енді заң жобасы бойынша келер жылы 26 сәуірге дейін қорытынды әзірленуі тиіс. Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайыновтың айтуынша, азаматтардың банкроттығы туралы норманың мақсаты – Қазақстан азаматтарының төлем қабілетсіздігіне байланысты мәселелерді шешу. Бұған дейін қаржы министрлігі жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын дайындаған болатын. Оған сәйкес, кредит төлей алмаған адамдар қарызын өтеуден құтылады. Бірақ нақты талап бойынша банкроттыққа әдейі барғаны үшін әкімшілік, тіпті, қылмыстық жаза да қарастырылған.
«Атап айтқанда, борышкерлерге соттан тыс банкроттық рәсімі, төлем қабілеттігін қалпына келтіру және сот банкроттығы қарастырылған. Сонымен қатар, заң жобасын салалық, заңнамалық актілермен сәйкестендіру және тиісті рәсімдерге қатысушылардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу қажеттілігі көзделген», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Марат Құсайынов.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 6 миллионнан астам адам банкке қарыз екен. Оның 1,5 миллионы – проблемалық кредит. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, 430 мыңға жуық проблемалық қарыз алушы банктердің балансында, ал қалғаны микроқаржы ұйымдары мен баланстан тыс есепте тұр.
«Қазіргі таңда жеке тұлғалар бойынша 6,2 млн адамның банктерде кредиті бар. Бұдан бөлек, біз соңғы жылдары проблемалық қарыз алушыларды анықтау бойынша үлкен жұмыс жүргіздік. Проблемалық қарыздар банктің балансында да, баланстан тыс та бар. Біздің бағалауымыз бойынша, барлық банк пен микроқаржы ұйымын, банктердің коллекторларға сатқан қарыздарын алғанда, жалпы саны 1,5 млн қарыз алушының проблемалық кредиті бар», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Елімізде былтыр тұтынушылық кредит 40 пайызға өскен. Онымен қоса, қарызын өтей алмайтындардың да саны артып келеді. Ал депутаттар онлайн-кредит беруге тыйым салуды ұсынып отыр. Өйткені жыл сайын микроқаржы ұйымдарында проблемалық қарыздар үлесі артып келе жатқанын алға тартады. Микроқаржы ұйымдарының портфеліндегі проблемалық қарыздар көлемі 914 мыңды немесе жартысынан астамын құрайды екен.
«Кепілсіз қарыз алудың оңай жолдары халықтың жаппай қарызға батуына әкеп соғады. Себебі мұндай несиелердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Ал жоғары проценттер азаматтардың қарызға белшесінен батуының негізгі себебі. Салдарынан көбі өз мүлкінен, соның ішінде жалғыз баспанасынан айырылып жатады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Дания Еспаева.
Мәжіліс стрестік активтер нарығына қатысты құжатты мақұлдады. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы стрестік активтерді экономикалық айналымға қайтару жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген. Бүгінгі таңда оның мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6 пайызын құрайды.
Асылбек Тойбек, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы