Ильиннің айтуынша, уақытша баспаналар өрт қауіпсіздігі және санитарлық талаптарға мүлде сәйкес келмейді
Ішкі істер министрлігі «времянканы» баспана ретінде пайдалануға беруге тыйым салу туралы ұсынысты үкіметке енгізбек. Бұл туралы бүгін ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ильиннің айтуынша, бүгінде Астана аумағында 22 мыңнан астам жекеменшік иеліктегі үй бар. Ал тұрғын үй секторы аумағындағы «времянкалар» саны жеті мыңға жуықтайды.
Ильин су құбыры, кәріз жүйесі болмағандықтан, уақытша баспаналар санитарлық нормаларға сай келмейтінін атап өтті.
«Үкіметке уақытша баспананы үй ретінде пайдалануға беруге тыйым салу туралы ұсыныс енгіземіз», - деді Ильин кулуарда.
Айтуынша, ТЖК қызметкерлері 107 мың иеліктегі үйді аралаған, 13 мыңнан астам адам қызметкерлерді кіргізуден бас тартыпты. Осы орайда Ильин газбен немесе пешпен жылытылатын жеке тұрғын үй секторына міндетті түрде иіс газының датчиктерін орнатуға кеңес берді.
Сонмен қатар, ішкі істер министрінің орынбасары Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың сөгіс жариялау туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді.
«Кез келген мемлекеттік қызметкер немесе погоны бар адам басшының шешімін сынға алуға құқығы жоқ. Бізге жасалған ескерту, қатаң сөгіс объективті деп санаймын. Қол астындағыларды жазалау тұрғысынан емес, болашақта осындай жағдайларға жол бермес үшін тиісті шаралар қабылданады», - деді Ильин.
Айта кетсек, бүгін үкімет басшысы өрт қауіпсіздігі және оның алдын ала жұмысын тиісінше атқармағаны үшін ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильинге сөгіс жариялау туралы ұсынысты Президент Әкімшілігіне енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаев қызметінен босатылды.
Естеріңізге сала кетейік, төртінші ақпанға қараған түні Астанадағы Көктал-1 тұрғын үй алабында «времянка» өртеніп, бір отбасы бес баласынан айырылды. Апалы-сіңлілі бес қыз түнде үйде жалғыз қалған, ата-анасы жұмыста болыпты. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары туған бес бала көз жұмды.