Алматыда мереке күндері 603-тен аса отшашу тәркіленді

04.01.2023 19:50

Медициналық мекемеге көмекке жүгінгендердің басым көпшілігі - уланғандар

© tomsk.ru

Жаңа жылды тойлау кезінде 13 адам пиротехникадан зардап шеккен. Бұл - тек Алматыдағы көрсеткіш. Отшашудан зақым көргендердің үшеуі - бала. Мамандар аталған көрсеткіштің өткен жымен салыстырғанда 3 есеге қысқарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мерекеде мертігудің көбі пиротехика бұйымдарынан тіркелген. Жаңа жылдық демалыста жалпы 5 өрт оқиғасы болса, соның біреуі осы отшашудың салдарынан орын алған. Ал алдын ала жүргізілген тексеру барысында пиротехниканы заңсыз сатып, ереже бұзған 50 тұлғаға әкімшілік шара қолданылған. Сондай-ақ заңнама талаптарына сай келмейтін 603-тен аса отшашу тәркіленіпті.

«Біздің департамент мереке күндері 72 жаңа жылдық шыршаның маңайын, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарды бақылауда ұстады. Кез келген сәтте өрт қаупі туындауы мүмкін болғандықтан, мамандарымыз да сақадай сай тұрды. Абырой болғанда, 3 қауіпті жағдайдың алдын алдық», – деді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Данияр Жүсіпов.  

31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында қалада есірткі қылмысының екі фактісі тіркелген. Бөтеннің мүлкін ұрлаған 30 жағдай анықталып, оның 24-і жедел тергеу барысында ашылып отыр.

«Жаңа жыл мерекелік күндерінде Алматы қаласында көбінесе ұрлық және алдау бойынша қылмыстар тіркелді. Басқа қылмыстардан 2 тонау және 2 бұзақылық фактісі анықталды», – деді ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Диас Дуанбеков

Ал медициналық мекемеге көмекке жүгінгендердің басым көпшілігі - уланғандар. Мереке күндері жедел жәрдем бригадасына түскен қоңыраудың 30 пайызға жуығы - жұқпалы аурулар фактісімен тіркеліпті. «Оның жартысынан астамы балалар» дейді маман.

«Мерекеде 217 бригада жұмыс істеді. Оның 186-сы жедел жәрдем қызметі болса, 31-і шұғыл медициналық көмек көрсету қызметінің ұжымы. Әр күн сайын 3000-ға жуық шақырту түсті», – деді Жедел медициналық жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин.

Сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы 3 әйелді үйінде босандырып алған. Жағдайы қалыпты ана мен бала кейіннен акушерлік стационарға жеткізілді. Айта кетейік, мереке күндері мегаполистегі ахуал салыстырмалы түрде тыныш өткен, демалыс орындары мен қала аумағында оқыс оқиға болған жоқ.

Мадина Оқас, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы