Үш күйеуден төрт бала туған әйел ұлдарын ала алмай жүр

24.04.2019 19:50

Күйеуінен өткен өмірі үшін көп таяқ жеген

stan.kz

16 жасар Айгүл Нұржанованы көршісі алдап көлігіне мінгізіп, зорлап кеткен. Анасыз өскен қаршадай қыздың тағдырындағы тауқымет бұл ғана емес. Одан соң екі рет күйеуге тиіп, үш ұл, бір қызды дүниеге әкелген. Алайда қиналған кезде тастап кеткен екі баласын қазір қолына ала алмай отыр, деп хабарлайды Stan.kz.

28 жастағы Айгүл Нұржанова үш еркектен төрт бала тапқан. 9-сыныпты бітірген кезінде оны көршісі діттеген жеріне жеткізіп тастаймын деп алдап, көліктің ішінде зорлап кеткен.  Әкесі күндіз-түні жұмыста болғандықтан, жеңгелерінің қысымымен өскен ол бұл туралы  ешкімге тіс жармаған. Тек арадан алты ай өткенде жүкті екені белгілі болады да, жеңгелері «отбасымызды қара бет қылдың, шалға тисең де кет, әйтпесе балаңмен қосып өлтіреміз» деп, зорлықпен күйеуге береді. Тұңғышы Жақсылық дүниеге солай келеді.

Өткен өмірі үшін күйеуінен күнде таяқ жепсе де екінші ұлын босанады. Алайда үшіншісіне жүкті кезінде ол қысымға шыдамай, үйінен кетіп қалады. Тұңғышын әкесі балалар үйіне өткізсе, екінші ұлын күйеуі алып қалады. Содан соң тағы тұрмысқа шыққан ол төртінші баласын дүниеге әкелген.

Енді бүгінде ол балалар үйіне өткізіп жіберген тұңғышы мен өз еркімен тастап кеткен екінші ұлын қайтара алмай отыр. Балалар үйінің жетекшісі Тұяқ Қазыкенқызы баланы 18-ге толмай бермеймін деп отыр. Ал екінші ұлы қатты ауырып, дәрісіне ақша таба алмаған кезде қайын сіңлісіне асырап алуды өтінген.

«Қайын сіңлім мен қайын ағамды шақырып, «Баланы асырай алмаймын, жағдайым жоқ. Сіздер асырап алыңыздаршы. Ертеңгі күні жағдайым жақсарып жатса, қайта өз қолыма алармын» деп айттым. Олар «Біз сені осы уақытқа дейін асырадық. Баланы тастасаң, енді көрмеймін деген қолхат жазып бересің» деді. Мен келістім. «Балаңды аман-есен өсірсін десең, бізге енді келме» деп қорқытты», - дейді Айгүл Нұржанова.

Кезінде жасаған ісіне өкінген келіншек балаларын қайтып алғысы келеді.

«Балам кешіре ме, жоқ па, білмеймін. Бірақ кешіретін шығар деп үміттенемін. Өйткені бала бәрібір анасын аңсайды ғой. Өзім де анасыз өскенмін», -деп көзіне жас алды келіншек.

Өмірден теперіш көрген Нұржанова туу туралы куәлігі жоғалтып, уақытында қайта қалпына келтірмегендіктен әлі күнге дейін төлқұжатсыз жүр. Осы жағдайдың барлығын ескере отырып, балалар үйінің жетекшісі Тұяқ Қазыкенқызы "бар баласын жинап, маған келсе, адам қылып шығарамын деп отыр.