Солтүстіктегі Астрахан ауылының тұрғындары жері кепілге қойылғанын білмеген

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Ауыл тұрғындарына әр пай үшін тек 50 мың теңге төленеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстіктегі Астрахан ауылының тұрғындары өздеріне тиесілі пайын ала алмай отыр. Онымен қоса 400-ге жуық тұрғын өздеріне тиесілі жердің кепілге қойылғанын білмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл Астрахан ауылындағы 400-ге жуық тұрғынның жері ешқандай келісімсіз кепілге қойылған. Мария Ульянованың отбасында 8 адамның пайы бар. 47 жастағы тұрғын жердің кепілге қойылғанын жақында ғана білген. Бірақ ешқандай құжатқа қол қоймағанын айтады.

«Электронды цифрлы қолтаңбасыз пайды бермейтінін айтты. Ол құжат үшін керек дейді. Бірақ қандай құжат екенін ешкім түсіндірмейді. Нәтижесінде біз жеріміздің кепілде екенін білдік. Біз келісім бермедік. Ауылда осы жердің үлесі ғана ұстап тұр», – деді Астрахан ауылының тұрғыны Мария Ульянова.

Ауыл тұрғындарына әр пай үшін тек 50 мың теңге төленеді.

«50 мың өте аз. Көрші ауылдарда дәл осындай жер үшін 120 мың теңгеге дейін төлейді. Ал біз неге аз алып жатырмыз, білмеймін. СҚО-да өткен жылы егін жақсы шығып, өнім сапасы жоғары болды», – деді Астрахан ауылының тұрғыны Жанар Семісбаева.

Астрахан ауылының тұрғындарына тиесілі 7000 гектар жер бар. Мәселеге жауапты серіктестік директоры жер кепілге қойылмағанын айтып ақталды. Ал пайдың құнын жыл сайын көтереміз деп сендірді.

«Басында 20 мың болған. 7 жыл жұмыс істеп жатырмыз. Жылда пайдың құнын 5-10 мыңнан көтеріп жатырмыз. Қазір бір пайға 50 мыңнан бердік, кейбір адмадар 150 мыңнан алды», – деді  «Астрахан» ЖШС директоры Жанархан Мапенов.

Ал аудан әкімі бұл мәселеден бейхабар болып шықты. Мәселені серіктестік директоры мен тұрғындар өздері шешуі керек дейді.

«Мәселеге қатысты бұған дейін сұрақ туындаған жоқ. Оның бәрін тексеруге болады ғой. Заңды түрде бәрін тексерсін. Әділдігін сот айтсын», – деді Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев.

Амалы таусылған тұрғындар мәселені сот жүзінде шешпек. Айта кетейік, Астрахан ауылы облыс орталығы Петропавл қаласынан 47 шақырым жерде орналасқан.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Новости партнеров