Алматыда зағип жандар қоғамдық көлікпен жүруге көмектесетін қосымшаны жаңартуды сұрайды

30.09.2021 02:20

Автобус маршрутын көрсететін қосымшада зағип жандардың қажеттілігі ескерілмеген

Алматылық зағип жандар қоғамдық көлікпен жүріп-тұруға көмектесетін қосымшаны жаңартуды сұрайды. Дыбыстық сүйемелдеудің болмауынан талай рет адасып, өзгелердің мазасын әбден алдық дейді олар. Олардың сұрайтыны – тек бар қосымшаны талапқа сай жаңарту, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қуат Қойшығұлов – зағип жан, бірінші топтағы мүгедек. Айтуынша, қоғамдық көлікте жүріп-тұру мәселесі қиындық тудырады. Өйткені автобус маршрутын көрсететін қосымшада олардың қажеттілігі ескерілмеген.

Кембағал жандар бұл ретте «Бас тайм» қосымшасының аса ыңғайлы екенін айтады. Ол 150-ге жуық қаланың маршрутын бақылап, автобустың қай жерде келе жатқанын, қанша уақытта болатынын дыбыспен жеткізеді. Аялдамаға жеткен кезде де жолаушыға дыбыстық хабарлама жібереді. Нұр-Сұлтан қаласында қолжетімді қосымша Алматыға келгенде кідіріп қалады дейді мүмкіндігі шектеулі жандар.

«Автобустың қай жерде келе жатқанын біз көре алмаймыз, ол картада көрсетіледі. Сондықтан біз, зағип жандар, аялдамада тұрғанда басқа жолаушылардан қандай автобус келгенін сұрап тұруға мәжбүрміз. Green Bus Almaty бас компаниясы қосымшаны көзі көрмейтін жандарды ескере отырып, скринридер, яғни сөйлейтін бағдарламаларға икемдеп жасауы керек», – деді қала тұрғыны Қуат Қойшықұлов.

Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы бұл сауалдың өзекті екенін айтып, тұрғындардың әр өтініші ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Ал зағип жандардың бұл мәселесі жыл соңына дейін шешімін табады деп уәде етті.

«Қала тұрғындарының мұндай кері байланысы біз үшін өте маңызды. Осы негізде біз ары қарай қандай бағытта жүру керек екенін түсінеміз. «Бас тайм» қосымшасы бүгінде «Оңай» қосымшасы арқылы әзірленеді. Біз бұл мәселені жақын арада шешеміз», – деді қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.

Жалпы, Алматы қаласы бойынша 53 мың 917 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның 5 313-і – бірінші топтағы мүгедектер.

Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы