Ботаникалық бақ 50 түп қарағай көшетімен толықты

05.05.2024 19:51

Президент Телерадиокешені ұжымы ағаш отырғызды

Фото: Victor Glutsenko

ҚР Президентінің Телерадиокешені ұжымы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ботаникалық бақта 50 түп қарағай көшетін отырғызды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚР Президентінің Телерадиокешені instagram парақшасына сілтеме жасап.

Осылайша, іргелі медиа ұжымның 150 қызметкері биологиялық әртүрлілікті сақтауда және өсімдіктер топтамаларын өсіруде маңызды рөл атқаратын Ботаникалық бақты абаттандыруға белсенді атсалысты.

Айта кету керек, бақтың жалпы ауданы 89,1 гектарды құрайды. Оның 46,3 гектары – ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ал 42,8 гектары – саябақ аймағы.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатқаны белгілі. Науқан бес аптаға созылады. Əр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақсаты бар.

Алғашқы апта «Таза өлке» деп аталды. Ел тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кəсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен өздеріне бекітілген аулаларды қоқыстан тазартты. «Киелі мекен» апталығында тарихи-мəдени ескерткіштер, саябақтар аумағы абаттандырылды.

Ал, «Жасыл аймақ» апталығында ағаш көшеттерін отырғызу, талдарды әктеу жұмыстары жалғасуда. Бұл игі іске белсенді атсалысқан ҚР Президентінің Телерадиокешені ұжымы экологиялық акцияларға бей-жай қарамайтынын аңғартты.

Оқи отырыңыз: Алматының коммуналдық қызметі қолайсыз ауа райына дайын отыр