Бұл жағдайға қатысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпарат берді
Әлеуметтік желіде Түркістан облысының ауылдарының бірінде шегіртке қаптағаны туралы видео тарады. Бұл жағдайға қатысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпарат берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Түркістан облысы Арыс ауданы Қожатоғай ауылдық округінде шегірткетектестердің ұшуы орын алды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, шегірткетектестердің таралу ошағы жойылды. Сонымен қатар қазіргі уақытта Түркістан облысының аумағында шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу аяқталды.
«2024 жылғы 5 маусымдағы жағдай бойынша Түркістан облысында марокко шегірткесінің дернәсілдері бойынша 715,18 мың га зерттелді, оның ішінде өңдеуге жататын жер көлемі 260,4 мың га, өңделген аумақ 259,3 мың га немесе болжамды көлемнің 95,5%-ын құрайды. Бүгінгі күні бұл аумақ толығымен өңделді, шегірткетектестердің таралу ошағы жойылды. Ауыл шаруашылығы дақылдары егістіктерінің зақымдануы анықталған жоқ», - деді АШМ.