Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бітімгершілік әскері Қазақстан аумағынан толық кетті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, бірлескен бітімгер контингенті Қазақстан аумағында ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 2 және 4-баптарына сәйкес әрекет еткен. Сондай-ақ ол Қазақстан Қорғаныс министрлігінің атынан Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан сынды ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарына моральдық тұрғыда қолдағаны, тікелей және жедел әскери көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді. Қазіргі уақытта болған оқиғаларға талдау жүргізіліп жатыр.
«Бүгін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық бітімгер күштерін Қазақстан аумағынан шығару аяқталды. Соңғы жеке құрам мен техника әуе кемесімен Алматыдан ұшып шықты. Қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердің әскери қызметшілері жоқ. Елімізден ҰҚШҰ-ның біріккен бітімгершілік контингентін кезең-кезеңімен шығару биыл 13 қаңтардан бастап Қарулы күштердің Жоғары бас қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеген мерзімде жүзеге асырылды», – деді ҚР Қорғаныс министрлігі халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Құсайынов.
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының ұжымдық күштері шартқа қол қойылған күннен бастап 30 жыл ішінде алғаш рет жұмылдырылған. Қысқа мерзімде Ресейдің әскери-көлік авиациясын пайдалана отырып, екі мыңнан астам адам мен 250 бірлік техника жеткізілген. Бүгін Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің соңғы бөлімшесі және Ұжымдық бітімгершілік күштерінің қолбасшылығы Алматыдан тұрақты орналасу пунктеріне кетті.
«Бес елдің бітімгершілік күштерінің контингенті қойылған міндеттерді орындады. Бұл ретте бітімгерлер іс-қимылдарға жоғары дайындық, кәсібилік пен ұйымшылдық танытты. Бітімгерлерге қатысты бірде-бір арандатушылыққа жол берілген жоқ. Мен Қазақстан халқына бейбітшілік пен даму тілеймін», – деді ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштері контингентінің қолбасшысы, генерал-полковник Андрей Сердюков.