Тұрғындар құрылыстың сапасыздығы мен ауланың абаттандырылуы төмен дәрежеде екенін атап өтті
Тараз қаласындағы жаңа аудан тұрғындары жарыққа жарымай отыр. Олар екі жыл бұрын қоныстанған жаңа баспаналарында әлі күнге жарықтың жүйесіз екенін айтады. Жел соқпайтын жай күннің өзінде қараңғыда қалуға мәжбүрміз деп шағымданды. Ал әкімдік себебін біле тұра, оның салдарымен өздерің күресіңдер деген көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
15-шағынаудан тұрғындары осылайша, аумаққа берілген жаңа атауға бұл жердің мүлдем сай келмейтінін айтып шағымданды. Жарықтың жиі өше беруінен қажыған жұрт мұңымызды тыңдар адам жоқ дейді. Ал облыс орталығының жарығына жауапты компания мүлдем есепте жоқсыңдар деп шығарып салған.
«Олар баланста жоқсыңдар дейді, болды. Сонда біз басқа жерден келіп тұрмыз ба? Жоқ, басқа мемлекеттің адамдарымыз ба? Әлде үйіміз бөтен жерден салынған ба, түсініксіз», – дейді қала тұрғыны Асқар Сыздықов.
«Бүкіл қалада сондай жағдай болды десе де, бұл жақта жел тұрмаса да өшіп қалады. Қашан өшіп қалар екен деп күтіп отырамыз», – деді қала тұрғыны Гүлзат Тезекбаева.
Телеарна шақырған халықтың жайын тыңдауға қала әкімінің орынбасары жедел жетіп келді. Сөйтсе, лауызымды тұлға тұрғындардың көршісі екен. Атқамінер ауылдастарын қажытқан трасформаторды жарты күнде жөндетемін деп уәде берді. Әрі құжаттарын да реттеп, әкімдік балансына алдырмақ.
«Тұрақты трансформатор қойылып жатыр. Мен сол жерге бара жатырмын тексеруге. Мен өзім осы жерде тұрамын. Бұрын бұл жер айдала болған. Қазір міне, әп-әдемі шағынаудан болып жатыр. Шыдаңыздар, 5 жылда жанданған аудан болады», – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Әбілхайыр.
Жаңа аудан тұрғындары құрылыстың сапасыздығы мен ауланың абаттандырылуы төмен дәрежеде екенін атап өтті. Бұл тізімде кәріз жүйесі мен жолдың жыры да бар. Бірақ әкімдік өкілі бұл шаруалардың жақын аралықта шешілмейтінін ашып айтты.
Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Тараздан