Қазақстан қант экспортын қысқартпақ

26.04.2022 в 19:53

Серікқали Брекешев жеңілдетілген автокредит бағдарламасы осы айдың соңында іске қосылмайды деді

Қазақстан қант экспортын қысқартпақ. Жыл сайын қантты тұтыну 532 мың тоннаны құраса, соның тек 7 пайызы отандық шикізат есебінен екен. Үкімет отырысында осылай деген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 254 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл ішкі нарықтың отандық өндірістегі қантпен қамтамасыз етілуін 43 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев еліміздің қандай тауарларға тәуелді екенін айтты. Сөзінше, қамтылу деңгейі 80 пайыздан төмен өнімдерге алма, құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе және қант кіреді. Бұл тауарлар тобы бойынша импорт көлемі 700 миллион доллардан асады екен. Отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілетін өнім түрлерін арттыру мақсатында алдағы 3 жылда біраз шаруа атқарылмақ.

«2025 жылдың соңына дейін Қазақстанда 24 ет комбинаты салынып, 8,2 мың гектар аумаққа бау-бақша отырғызу бойынша 22 жоба іске қосылады. Сондай-ақ 20 сүт өңдеу зауыты, 23 құс фабрикасы және бір қант зауыты салынады», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Үкіметте  еліміздің тағы бірнеше өңірінде жаңа зауыттар салынатыны айтылды. Министр Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Қарағанды облысында автомобиль шиналарын жасайтын зауыт, Ақмола облысында алтын өндіру фабрикасы, ал Түркістан облысында мұнай өңдейтін зауыт іске қосылады. Қазір олардың басым бөлігінің құрылысы басталған.

«Сондай-ақ Шымкентте алюминий банкілерін өндіру бойынша жоба іске қосылады. Шығыс Қазақстан облысында май экстракциялық зауыты, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндірісін кеңейту жоспарлануда. Алматы қаласында алюминий және биметалл радиаторларының өндірісі іске қосылады», – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрт сөндіру техникасының тозуына алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, Қазақстанда әрбір бесінші техника өртті сөндіруге жарамсыз. Былтырдың өзінде елімізде 167 мың гектар орман отқа оранып, 6 млрд теңгеден астам материалдық шығын келген.

«Жыл сайын елімізде 800-ге жуық орман және дала өрті тіркеледі. Өрт қаупінің жоғары ықтималдығы биыл да сақталып отыр. Жыл басынан бері бізде 42 көктемгі орман өрті тіркелді. Оның жалпы аумағы 668 гектарды алады», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Сондай-ақ  Үкіметте Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жеңілдетілген автокредит бағдарламасы осы айдың соңында іске қосылмайды деді. Себебі «Жасыл даму» АҚ бағдарламаны қаржыландыруға 100 миллиард теңгені 10 мамырға дейін бөледі.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан