Нұрлан Ноғаев: «Теңізде» бірдей жұмыс істейтін екі адамның бірі – 300 доллар, екіншісі 3000 доллар алмауы керек

02.07.2019 19:53

Атырау облысының әкімі ТШО мен мердігер мекемелер жағдайды түбегейлі өзгертуге күш салулары керек екенін ескертті

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ірі мұнай компаниялары мен олардың мердігерлерімен жиналыс өткізді, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атырау облысының  әкімі Теңіз вахталық қалашығындағы оқиға еңбек жағдайының барлығына бірдей болмауы салдарынан туындағанын, сондықтан ТШО мен мердігер мекемелер жағдайды түбегейлі өзгертуге күш салулары керек екенін атап өтті.

«Еңбекақы айырмашылығы туралы шағым көп. Жалақы, жұмысшыларды үстеме жұмыстарға тартқаны үшін төленетін ақы кешіктіріледі. Мереке, демалыс күндері істеген жұмыстар үшін пайдаланылмаған күндерге өтемақы төлеу уақыты бұзылады. Жұмыс күні кестесін өздері белгілейтін деректер бар. Теңіз жобасында мердігер мекемелердің бірінің басшысы  күн сайынғы жұмыс күнін өз бетімен 4 сағатқа көбейткен, ұжымның наразылығы мен еңбек инспекциясына шағымдануынан кейін жағдай қалыпқа келді. Көпшілігі жұмыс берушінің заңсыз әрекетін, еңбек кодексінің талабына сәйкессіздікті ашып айтуға қорқады. Жұмыс беруші қандайда болмасын себеп тауып,  жұмыстан шығарып жіберетінін айтып қорқытады. Мұндай деректер бар»,– деді Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ күзет фирмасының өкілдері нысандарда қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау бойынша тікелей қызметтік  міндеттемелерін орындаудың орнына жұмысшыларды қорқытумен айналысқан деген де деректер  бар. Шағым айтқан жұмысшыдан құтылудың түрлі құйтырқы әрекеттерін жасаған фактілер де бар. Бұл әрине адамды ашындыратын, тіпті дау-жанжалға әкелетін жағдай. Сіздердің міндеттеріңіз осындай жағдайлардың алдын алу.

Облыс әкімі қазіргі еңбек жағдайы мердігер мекемелердегі  жұмысшылардың көпшілігін қанағаттандырмайтынын атап өтті.

«Шағым өте көп, құрметті жұмыс берушілер, бұрын бұл жағдай қалыпты болып келсе, енді өзгертетін уақыт жетті. Мемлекет басшысының бірдей жұмыс істейтін мамандардың азаматтығына қарамай бір мөлшерде лайықты еңбекақы төлеу жөнінде тапсырмасы бар. Иә, белгілі бір қызметтік иерархияға келісемін, барлығын теңестіруге болмайды, бірақ әділдік болуы тиіс. Бір ұжымда бірдей жұмыс істеген екі адамның бірі 300 доллар, екіншісі 3000 доллар алмауы керек, адамдар көріп отыр. Көпшілігі мұны істеген жұмыстары мен көрсеткен қызметтеріне адал ақы алмауларымен байланыстырады. Тапсырыс берушілер, ТШО, НСОС немесе басқа ірі компаниялар болсын өз тараптарынан еңбекақыны әділ төлеп отырғандарын айтады,бірақ соңында бәрібір белгілі болып қалады. Жұмысшының қолына ең соңында шамалы тиын-тебен түседі, сосын ол өзімен бірдей жұмыс істеген шет  ел азаматының еңбекақысын көріп, мен неге зардап шегуім керек деген сауал қояды», – деді әкім.

Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органдар барлық еңбекақыны көтеруге міндеттемейтінін, компаниялардың өндірістік міндеттемелерін шешпейтінін атап өтті.

«Мен сіздердің алдарыңызға Еңбек кодексінің, еліміздегі барлық заңдардың, соның ішінде көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу міндетін қоямын. Адал, қолайлы жағдай барлық жұмысшыларға жасалуы керек»,– деді жиналғандарға аймақ басшысы.

«Біз өз тарапымыздан сіздердің бастамаларыңызды күтіп отырмаймыз, жұмыс істейміз, егер жағдайды өз еріктеріңізбен өзгерткілеріңіз келмесе, заңға сәйкес әрекет етуге күшіміз жетеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жетекшілік ететін ведомствоаралық комиссия барлық мәселелерді қарап, олардың шешілуін бақылауда ұстайды», – деп түйіндеді Нұрлан Ноғаев.


Теги: Атырау