«Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде Алматыда 1075 жұмыссыз ананы оқыту көзделуде
Алматыда 1 сәуірден бастап жұмыссыз жүрген көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларды тегін оқыту басталады. Соның арқасында олар кәсіптік білім алып, жұмысқа орналасады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қысқа мерзімді курстардан сұранысқа ие 68 мамандық бойынша дайындықтан өтуге болады. Сөйтіп, жұмыссыз аналар бухгалтер, тігінші, шаштараз және бет әрлеуші сынды мамандықтарды меңгеріп, тұрақты жұмыс таба алады.
Жалпы «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде Алматыда 1075 жұмыссыз ананы оқыту көзделуде. Курстар 6 айға дейін созылады. Осы мерзімде аталмыш бағдарламаға қатысушыларға айына 16 500 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді.
«7 баланы бағамын деп мына қоғамнан 10-12 жылға шеттеп қалған аналар бар. Оларға үйретпесең қандай жұмыс істей алады? Алдымен олардың қандай жұмысқа икемі бар екенін анықтаймыз. Сосын сол мамандық бойынша оқытамыз. Егер өзінің негізгі мамандығы бойынша жұмыс істей алмаса басқа кәсіпке тез оқытып, ары қарай жұмыс істеп кетуіне мүмкіндік жасаймыз», - дейді Алматы қаласы бойынша көпбалалы аналар мәселесі жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Аида БҰҚАЕВА.
Ал, курстар аяқталған соң көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасының балаларына 505 мың теңге көлемінде өтеусіз гранттар беріледі. Бұл қаржыға олар меңгерген мамандығы бойынша қажетті құрал-саймандарын сатып алып, өз бетінше жұмыс істей алады. Ал, жеке кәсіп ашуды жоспарласа 15 млн. теңгеге дейін микронесиелер алуына мүмкіндік бар. Айта кетсек, бұл бағдарламаға тек Алматы қаласының тұрғындары қатысады. Қазір қаладағы көпбалалы аналар мен олардың балаларын жұмыспен қамту жолдары түсіндірілуде.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы басталғалы бері қалалық Жұмыспен қамту орталығына 22 мыңнан астам адам кеңес сұрап келді. Олардың ішіндегі 1700-нің әлеуметтік көмек алуына мүмкіндік бар. Тегін кәсіптік білім алуға уақыты жоқтарды қоғамдық жұмысқа орналастырамыз. Онда 4 сағат жұмыс істеп, ай сайынғы жалақының 50 пайызын алуға болады», - дейді Алматы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Мейрам СҮЙІНДІКОВ.
Осы сауал бойынша барлық мәліметті Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығының төменде көрсетілген байланыс телефондары арқылы алуға болады.
+7 (727) 224-20-00, +7 (727) 221-66-11.