Алматының Жетісу ауданында қайта-қайта қазып жамалған көшелерден мезі болған тұрғындар жауаптылардың бұл мәселеге назар аударуын сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәріз жүйесін жүргіземіз деп жолды қопарып тастағаны былай тұрсын, мұндағы Галилей көшесінің кей бөлігінде тіпті қоқыс салатын жәшік те жоқ екен. Одан қалды, мердігер ұйым салғырттық танытып, бетін ашық тастап кеткен кәріз құдығы адам өміріне қауіп төндіреді дейді жұрт.
«2 жыл болып кетті. Мына көшенің, арғы көшені жасамай жатқанына. Қазып, бәрін тастап кетті кәріз жасаймыз деп... Уәде сол күйінде қалды», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Мая Мәсімова.
Уәдесінде тұрмайтын жауаптыларға осылай деген тұрғындар жөндеу көрмеген жолдар әбден ығырымызды шығарды деп налыды. Ал Галилей көшесінің кей аумақтарына инженерлік желілер салу қарастырылмағандықтан, мұнда уақытша жол жамылғысын төсеу жұмыстары тоқтатылды деп сендірген аудандық әкімдіктегілер орташа жол жөндеу жұмыстарын бір апта көлемінде қайта бастап, маусым айының соңына дейін аяқтайтынын жеткізді.
«Бір апта көлемінде мұндағы орташа жол жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз. Қазір мердігер ұйым Черновидский көшесін жөндеп жатыр. Ісін аяқтай салысымен, бірден осы Галилей көшесіне кіріседі. Маусым айының аяғына дейін бұл жұмыстар толықтай бітеді», – деді Жетісу аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Әлішер Әбдіқадыров.
1,5 шақырымға созылған Галилей көшесіндегі беті ашық жатқан кәріз құдықтарына осыған дейін бір емес бірнеше адам құлаған. Ал инженерлік желілер саламыз деп қопарып тастаған жолдармен жүру тіпті қиын дейді тұрғындар.
«Бұзып, төңкеріп, шұңқырды өзіміз тындырдық. Мына жерді бұзып кетті, үлкен кісі құлап, жүре алмай қалды. Немерем құлап, осындай күйге жеттік. Балалар ана асфальты бар жерде ойнаймыз дейді машинадан қашып. Бұдан төмен барсаңыз, қорқып кетесіз», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Үрқыз Сасықова.
Аудан халқының жанайқайын ести салысымен, жауаптылар бірден осы мәселені шешуге кірісті. Сөйтсе, Черновидский және Галилей көшелерін орташа жөндеуге кіріскен қосалқы мердігер ұйымға осыған дейін сапасыз жұмыс жүргізгені үшін айыппұл салынған екен.
«Қазір мердігер мекемемен бірлесіп, сол беті ашық жатқан люктерді тауып, бұл мәселені шешеміз. Мұнда жұмыс жүргізген мердігер компания 1 жыл ішінде 3 рет олқылық жасаса, лицензиясынан айырылуы мүмкін», – деді Жетісу аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Әлішер Әбдіқадыров.
Айта кетейін, аталған компания осындағы көшелерге жол белгілерін дұрыс орнатпай, ісін тыңғылықты атқармаған екен. Одан бөлек, техникалық қауіпсіздікті де сақтамаған.
Сая Меңдеке, Аянрафи Нәрікбаева, Альфия Адамбекова, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы