Көрермен ыстық ықыласпен қабылдады
2023 жылдың 24 қазанында Рахат-Би Әбдісағин Оксфорд университетінде (Вольфсон колледжі) «Кванттық механика және заманауи музыка» тақырыбында шығармалар жинағының тұсауын кесті деп хабарлайды, Almaty.tv.
- Көрермен қошетеміне бөлендім. Олардың тарапынан үлкен қызығушылық болды, залда бос орын қалмады. Сол себепті концертті тұрып тыңдағандар да болды, - деп жазды Рахат-Би Әбдісағин өзінің әлеуметтік парақшасында.
Қазіргі уақытта музыкант Оксфорд университетінің Вольфсон колледжіне ғалым ретінде шақырту алған. Оксфордтағы Вольфсон колледжі кванттық физикадағы жаңашыл зерттеулерімен танымал, оны кейде «кванттық колледж» деп те атайды. Өйткені «кванттық негіздерді зерттеу кластері» дәл осы оқу орында орналасқан.
Рахат-Би Әбдісағин 10 жасынан музыка жазады. Ол Қазақстаннан шыққан ең жас жалғыз композитор. Оның туындылары Оңтүстік Иллинойс университетінің (АҚШ) "Discography" оркестрімен фортепианоға арналып орындалатын шығармалардың дүниежүзілік қоржынына енген. Қазақстандық музаканттың туындылары әлемдік классика музыкасының пірі – Бах, Гайдн, Моцарттан бастап, қазіргі заманның классик жауһарларымен тең тұрып, бір қоржында жинақталған.
Рахат-Би Әбдісағин - 100-ден астам шығарманың авторы. Оның музыкасы Еуропа елдерінің және бірқатар Азия елдерінің әйгілі концерт залдарында үнемі ойналады. Оның шығармаларының әлемдік премьералары Прага, Лондон, Вена, Париж, Берлин, Сеул, Анкара, Стамбул, Мәскеу, Рогашка-Слатина, Бергамо, Аркей, Аликанте, Теулада-Морайра, Алматы және Астанада өтті.