Теміржол билеттерін сатуға бақылау күшейеді

12.09.2019 19:53

Елімізде қазір ұлттық компанияның 233 кассасы жұмыс істеп жатыр

Қазақстан темір жолының басшылары енді әр кассирмен жеке  жұмыс жүргізіп, билет тапшылығын  шешуді жедел қолға алатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал бұған дейін біз Нұр-Сұлтан қаласында билет таппай сенделген жолаушылардың әрекетін көрсетіп,  билеттердің көбінің делдалдардың қолына өтіп кеткенін айтқан болатынбыз. Бұл материалға  аталған компанияның басшылары былайша жауап берді.

«Біз бүгін тексеріс өткіздік. Сату департаментінен алған анықтама қазір менің қолымда тұр. Бұл анықтамаға қарасаңыздар, 6 қыркүйектен бастап 12-қыркүйекке дейін Нұр-Сұлтан-Шымкент бағыты бойынша билеттердің бар екенін көруге болады. Бұл бағыт бойынша күнде 3-4 поездан жүреді. Олар Нұр-Сұлтан арқылы және Нұр-Сұлтаннан шығатын транзиттік поездар.  Демек билеттер бар. Билет тапшылығын біз жойдық», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі диас Ахмет ШӘРІП.  

Қазір Қазақстан темір жолы жолаушының неліктен қиын жағдайға тап болғанын жіті тексеріп жатыр. Әр кассирмен бөлек әңгіме жүргізілуде. Елімізде қазір ұлттық компанияның 233 кассасы жұмыс істеп жатқанын атап өту керек. Билет болмаған жағдайда жолаушы кассирден күту қағазына енгізуін талап етуге құқылы. Бұл – «Мобиус» аталатын жаңа қызмет. Оның іске қосылғалы екі-ақ ай болған екен. Осы аралықта 240 мың тапсырыс берілгені мәлім болды. Олардың тең жарымы алып сатарлардан келіп түскен. Ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, енді мұндайға жол берілмейді.

«Аталған жүйе алып-сатарлармен күресуде айтарлықтай көмектесіп жатыр. Жолаушылар үшін күту қағазын енгіздік. Бұл ел тұрғындарына алып-сатарлардың көмегіне жүгінбей-ақ билет сатып алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, билет сатып аларда «смс» арқылы тұлғаны растауды енгізуді көздеп отырмыз. Дәл қазір мобильді операторлармен келіссөздер жүргізудеміз», – деді «Қазақстан Темір Жолы» АҚ автоматтандыру және сандандыру дирекциясы филиалының директоры Сәлмен АМРИН.