Жүргізушілер полиция қызметкеріне жеке куәлігін көрсетсе жеткілікті
13 ақпаннан бастап қазақстандықтарға жүргізуші куәлігін көрсетпей көлік жүргізуге болады. Ол туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министр, енді жүргізушілер полиция қызметкеріне жеке куәлігін көрсетсе жеткілікті. Қалған қажетті құжаттардың бар-жоғын полицей планшет арқылы тексереді. Интернет болмай қалған жерде радиобайланыс арқылы анықтайды деді.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде жүргізуші куәлігін үйде ұмытқан жағдайда ескерту немесе 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған болатын.
Ескеру керек, жаңа норманың шетелдіктерге және елімізде тіркелмеген көлік жүргізушілеріне қатысы жоқ. Заңға мемлекет басшысы 1 ақпанда қол қойған еді.