Сапасыз жол: Өскеменде “100 күнде 10 мың шұңқыр” науқаны басталды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Қыстан кейін облыс орталығында қозғалыс қиындаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өскемен тұрғындары қаладағы жолдардың сапасына жаппай шағымдануда, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қыстан кейін облыс орталығында қозғалыс қиындап, жүріп-тұру нағыз сынаққа айналған. Өскемендегі ойдым-ойдым жолдар мен шұңқырға толы көшелер бір жылдың ғана қордаланған мәселесі емес. Қала орталығының өзінде жағдай көңіл көншітпей тұр. Шұрық-тесіктің зардабын көбіне өңірдегі автокөлік тізгіндейтін азаматтар көріп отыр. Айтуларынша, темір тұлпарлары жарамсыз жағдайға жетіп, бөлшектерін жиі ауыстыруға мәжбүр.

- Жолдардың жағдайы қорқынышты. Жыл өткен сайын нашарлап барады. Көлігімнің бөлшектерін ауыстырдым, әлі де талай жерін жөндеу керек. Қараңыз, мен үнемі жүретін көшенің күйі мынау. Қарама-қарсы жолаққа шығып кетуге мәжбүр боласың. Кесірінен көлік апаттары да көбейді,- дейді қала тұрғыны Шолпан Саматова.

Жергілікті билік тозығы жеткен жолдың мәселесін оңтайлы шешуді ұйғарыпты. Осыған орай қалада “100 күнде 10 мың шұңқыр” науқаны басталды. Былтыр жоба аясында жолдағы 7 мың шұрық тесік жөнделген екен. Бірақ олардың қанша уақытқа жарайтыны белгісіз.

- Шұңқырлар өте көп, жиі кездеседі. Арасы 5-10 метрден болады. Тіпті әрбір 3 метрден кейін жол тесік. Әдетте тегіс нашар жолдың бетін кесіп алып тастап, асфальт төсейміз, - дейді мердігер компанияның өкілі Ғизат Көрпешов.

Опырылған жолдардың жайын жедел жөндеу үшін жобаға көбірек мердігер тарту туралы шешім қабылданды. Ал жергілікті билік тұрғындардан әлеуметтік белсенділік күтетінін айтты. Мамандар халықтан шұңқырлардың фотосуреттерін арнайы чат-ботқа жіберіп, орналасқан жерін картада көрсетуін сұрап отыр.

- Жөндеу түрлері әр түрге бөлінеді. Орташа жөндеу бар, қайта жаңарту бар және ағымдық қалыпта ұстау бар. Ағымдық қалыпта ұстау тек қана ойықты жабумен шектеледі. Ол жерде енді одан қатты үлкен сапа күту -дұрыс емес негізі. Себебі ол тек бір ойықты жамалғанымен, жанындағы асфальтті бетон келесі жылы қайта бүлінуі мүмкін, - дейді Жол активтері сапасының ұлттық орталығы ШҚО филиалының инженері Айдос Қабылбаев.

Қалада жолдарды орташа жөндеу жұмыстары тек мамыр-маусым айларында басталады. Алайда, барлық проблемалы аймаққа қаражат жете ме, жоқ па белгісіз. Сондықтан қолға алынған игі шаруаның көпке көмегі тиері сөзсіз.

Әйкерім Пернебек, Руслан Мұхамедьяров, "Алматы" телеарнасы, Өскемен.

Оқи отырыңыз:Ерболат Досаев Есентай өзенінің жағасында каскадтар жүйесін салу жобасымен танысты


Новости партнеров