Алматыдағы Наурызбай ауданының тұрғындары ұялы байланыс және интернетпен қамтамасыз ететін базалық станцияның үй шатырында орнатылуына қарсы. Олар ұялы байланыс қондырғысынан тарайтын толқындар денсаулыққа зиян деп алаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жанат-2» саяжай қоғамындағы бұл үйдің шатырына ұялы байланыс станциясы бір ай бұрын орнатыла бастаған. Тұрғындардың айтуынша, үй иесі мұнда тұрмайды, сондықтан құрылғыны шатырға орнатуға келісім беріп, тиісті ақысын алып отыр. Ал көршілеріне ешкім ескертіп айтпаған, рұқсат сұрамаған. Бұған қоса, ұялы байланыс операторының өкілдері көрсеткен құжаттардағы өлшемдер шындыққа сай келмейді дейді наразы жұрт.
«Бізге жобалық құжаттаманы, Наурызбай ауданы СЭС қызметінің шешімін көрсетті. Мұнда адамдарға зиянды әсер ету радиусы 43 метр деп көрсетілген, бірақ қарасаңыз, үйлер базалық станциядан 15-тен 41 метрге дейінгі қашықтықта орналасқан. Біз бұған қарсымыз», – дейді «Самал» саяжай қоғамының тұрғыны Екатерина Проценко.
Тұрғындар жобалық құжаттарда ұялы байланыс станциясынан 30 метр жерде су мұнарасының орналасқаны неге көрсетілмеген деп алаңдаулы. Себебі, зиянды толқынның суға да әсер ететініне сенеді. Санитарлық мекемедегілер оған тапсырыс беруші жауап береді деп қысқа қайырған.
«Наурызбай ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 23 сәуірдегі №188 бұйрығымен бекітілген «Радиотехникалық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға» сәйкес әзірленген жобаның толықтығы, дұрыстығы және сапасына тапсырыс беруші мен жобалау құжаттамасын әзірлеуші жауапты», – деді Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Байланыс қызметін ұсынушы компания өкілі «Толқынның ешқандай зияны жоқ» деп халықты сендіруге тырысты.
Бірақ тұрғындар райынан қайтпай, Президент әкімшілігі, Бас прокуратура мен Денсаулық министрлігіне хат жолдады. Ал ұялы байланыс компаниясының өкілі біздің ресми хатымызға былай деп жауап қатты.
«Ұялы байланыс операторлары бірде-бір базалық станцияны рұқсат құжаттарынсыз орната алмайды. Оның үстіне, базалық станцияларды орнату, соның ішінде сәуле шығару деңгейі, жақын маңдағы нысандармен ара қашықтығына қатысты талаптар тіпті, Еуропалық одақ елдерінен 10 есе қатаң. Сондықтан ұялы байланыс станциясы орнатылатын жердегі тұрғындардың денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – деді Altel/Tele2 қоғаммен байланыс директоры Евгения Бекбулатова.
Айта кетерлігі, радиофобия – бүкіл әлемде бар мәселе. Бірақ сапалы байланыс пен жоғары жылдамдықты интернет үшін базалық станция керек. Ал зияны күнделікті тамақ жылытатын қысқа толқынды пештен аса қоймайды дейді сала мамандары.
Айнұр Қапышова, Мейрам Исабеков, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы