Ауылішілік жолдар да қалыпқа келтірілді
Атыраудағы эвакопункттерде адам қалмады. Бұған дейін баспанасын су басып, барар жері болмаған азаматтар біртіндеп үйіне оралып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Талдыкөл ауылында бас-аяғы 1200 үй бар. Баспаналары су қоршауында қалған тұрғындар екі аптадан бері қаладағы қонақ үйлер мен эвакуациялық пунктерге орналасқан. Қазір ауылда қауіп сейілген. Ал жағдайды қалыпқа келтіруге 100-ден аса құтқарушы мен 50 ауыл азаматы атсалысты. Қарқынды жұмыстың нәтижесінде 20-дан аса қожалық апаттан аман қалған. Ауылішілік жолдар да қалыпқа келіп үлгерді.
– Қауіп төнген сәтте жан-жақтан көмек көрсетілді. Сарбаздарға, құтқарушыларға алғыс айтамын. Ауылымызда енді мұндай жағдай болмасын! Эвакуациялық орындағы барлық қызметкерге рақмет. Екі аптадан бері барлық жағдайымызды жасады, – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Қарлығаш Ырысқалиева.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау қаласы бойынша жалпы 94 эвакуациялық бекет дайындалып, оған 10 250 адамды орналастыру мүмкін болған. Қазір аймақты жағдай біршама жақсарған. Соңғы бір аптада Жайықтың деңгейі көтерілмеді. Махамбет пен Исатай ауылында да ахуал қалыпты. Қазір азаматтардың еш кедергісіз үйіне жетуі үшін 50-ден аса қоғамдық көлік іске қосылды. Аса қажетті заттарды тасымалдау үшін 100-ден аса еріктінің жұмылдырылды.
– 120 адамды автобуспен Талдыкөл елдімекенінде үйіне тұрғындарды жіберіп жатырмыз. Тұрғындар Атырау қаласына 25 мамырда эвакуацияланған. Жолдар салынып, бәрі үйіне қайтып бара жатыр, – деді Білім беру басқармасының бөлім басшысы Дулат Хамзин.
Қаладағы қоршаулар да алынып жатыр. Қапшық жинау жұмыстары қарқынды. Бұл мақсатта арнаулы автобаза қызметкерлері орталық көпір мен қауіпсіз аумақтарды тазартуға кіріскен. «Таза Қазақстан» акциясы аясында да мыңнан аса атыраулық аталған іске үлесін қосты.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы облысының тұрғындары нәжіс араласқан су ішуге мәжбүр