Ақтау қаласында ұлттық гвардия жауынгерлері балшыққа толы терең шұңқырға батып кете жаздаған ботаны құтқарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға ҚР Ұлттық гвардиясының 6656 РгК "Батыс" деген әскери оқыту орталығының жанына орын алған. Жануардың қиын жағдайға тап болғанын байқаған иесі бірден көмекке ұмтылған. Оның көмекке шақырғанын естіген оқу полигонында атыс даярлығынан бақылау тапсырып жүрген 3502 әскери бөлімінің жауынгерлері көмекке келген. Жауынгерлер келгенде ботаның денесі мойнына дейін балшыққа батып кеткен. Жауынгерлер оған арқан байлап, батпақтан ақырын шығарып алды.
"Ботаның иесі ұлттық гвардияның жауынгерлерімен бірге ботаны батпақтан шығарды. Оны құтқару жұмысы екі минутқа созылды", — деп жазылды хабарламада.
Бота иесі жауынгерлерге көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.